Білім грантын тағайындау конкурсына қанша талапкер өтініш берді

22.07.2026 11:22

Грант иегерлерінің тізімі 10 тамызға дейін жарияланады

Depositphotos.com

Білім беру гранттарын тағайындау конкурсына қатысу үшін 127 мыңға жуық талапкер өтініш тапсырды. Бұл өткен жылмен салыстырғанда 14 мыңға артық. 2025 жылы  конкурсқа қатысу үшін 113 мың өтініш қабылданған болатын, деп хабарлайды Almaty.tv ҚР Ғылым және жоғары білім министрлігіне сілтеме жасап. 

Естеріңізге салсақ, биыл бакалавриатқа түсу үшін 75 мыңнан астам грант бөлініп отыр. Гранттардың басым бөлігі (60%) инженерлік бағыттағы мамандықтарға, 20% – педагогикалық мамандықтарға, 20% – басқа салаларға  еңбек нарындағы қажеттілікті ескере отырып берілді.

Соңғы бірнеше жыл бойы ең сұранысқа ие білім беру бағыттары бойынша талапкерлердің таңдауы өзгеріссіз қалып отыр. Өтініштердің көпшілігі «Инженерлік, өңдеу және құрылыс салалары», «Педагогикалық ғылымдар» және «Ақпараттық-коммуникациялық технологиялар» сияқты бағыттарға берілді. Қабылдау науқанының нәтижесіне сәйкес болашақ аудармашылар, дипломаттар, заңгерлер, психологтар және мұғалімдер  арасында бір гранттық орынға ең үлкен конкурс күтілуде.

Гранттар тағайындау жөніндегі шешімді Республикалық конкурстық комиссия қабылдайды. Оның құрамына мемлекеттік органдардың және қоғамдық ұйымдардың өкілдері, қоғам белсенділері кіреді.

Грант иегерлерінің тізімі 10 тамызға дейін жарияланады.

Ал жоғары оқу орындарына қабылдау 25 тамызда аяқталады.

Оқи отырыңыз: ІІМ “Жол жүрісі туралы” заңға енгізілген өзгерістерді түсіндірді