Әбілхан Қастеев атындағы Ұлттық өнер музейі қайта ашылды

23.01.2026 16:36

Музейде алғаш рет әйел тағдыры мен оның күнделікті өміріне қатысты тақырыптарды қозғайтын көрме залы да ашылды

Алматыдағы Әбілхан Қастеев атындағы Ұлттық өнер музейі жаңғырту жұмысынан соң қайта ашылып, келушілерін қабылдай бастады. Қазір тұрғындар мен қала қонақтары көрме залдарына қойылған туындыларды жайлы әрі жарық кеңістікте тамашалап жүр, деп хабарлайды Almaty.tv тілшісі.

2025 жылы маусымда басталған әрі жарты жылға созылған іс биыл толықтай аяқталды. Кеңінен тарқатар болсақ, музей ғимаратындағы жөндеу жұмысы 3 бағытта жүргізіліпті. Нысанды жаңбыр суынан қорғау үшін шатыры ауыстырылған. Көрме залдарындағы тозығы жеткен еден жабыны жөнделіп, қабырғалары сыланған. Сонымен қатар есіктер де реставрациядан өткен. Келушілерге қолайлы әрі жайлы кеңістік құру идеясы түгелдей жүзеге асты. 

«Үшінші бағыт – жөндеу жұмыстарының ең басты бөлігі. Климаттық жүйені бақылап тұратын арнайы қондырғы бар. «Чиллер» деп аталады. Ол заманауи шу шығармайтын түріне ауыстырылды», – деді Ә. Қастеев атындағы ҚР Ұлттық өнер музейінің директоры Гүлайым Жұмабекова.

Көрмеде тұрған туындылардың тең жартысы жаңартылған. Әрі музейдегі 14 залдың біріне жас суретшілердің жұмысы қойылған. Мекеме қызметкерлері «кейінгі буынның қандай бағытта өсіп, дамып жатқанын көрсетуге бел будық» дейді. Жаңадан ашылған көрме кеңістіктерінің өз атауы бар. «Қазақстан кескіндемесіндегі ұлттық дәстүр», «Тәуелсіздік кезеңіндегі өнер» сияқты бағыттар да назардан тыс қалмаған.  

Музейде алғаш рет әйел тағдыры мен оның күнделікті өміріне қатысты тақырыптарды қозғайтын көрме залы да ашылды. Мұнда 80-ге жуық туынды қойылған. Картиналарды қазақ қыз-келіншектерінің образы арқылы әлемдік жаңалықтарды да қозғай білген танымал суретшілер салған. Олардың қатарында Айша Ғалымбаева, Нағымбек Нұрмұхаммедов сынды тұлғалар бар. Айте кетейік, мәнді, мазмұнды бейнелерді көрермен қауым наурыз-сәуір айына дейін тамашалай алады.

«Экспозициялық залдар 50 пайызға өзгерді деп айтуға болады. Өйткені, қосымша жұмыстарды шығарып отырмыз, қордағы бірнеше жыл бойы шықпай қалған жұмыстарды қайта көрсетуімізге тура келді. Қазақ суретшілерінің 1950-1970 жылдар аралығындағы шығармашылықпен айналысқан суретшілердің туындылары бар», – деді Ә. Қастеев атындағы ҚР Ұлттық өнер музейінің бөлім басшысы Гүлнәр Жұбаниязова.

Өнер ордасының қайта ашылуы музейдің 90 жылдығымен әрі 1976 жылдан  бері жұмыс істеп тұрған ғимараттың 50 жылдығымен тұспа-тұс келген. Бүгінде мәдени мекемеде 26 мыңнан аса экспонат бар. Ең маңыздысы, музей ұлттық өнерді сақтауға, дамытып, насихаттауға айтарлықтай үлес қосып келеді.

Рүстем Айткәрім, Ғани Қалуов

Оқи отырыңыз: Алматыда комьюнити орталықтар резиденттері компьютерлік клубтарға түнгі бақылау жүргізді