Бір дәуірдің рухани келбеті: архивте Олжас Сүлейменовтің 100-ге жуық құжаты сақталған

22.06.2026 16:08

Алматыда ақынның  90 жылдық мерейтойына арналған шығармашылық кездесу өтті

Алматыда Олжас Сүлейменовтің 90 жылдық мерейтойына арналған шығармашылық кездесу өтті, деп хабарлайды Аlmaty.tv.

Мәдени іс-шарада ақынның әдебиет пен қоғамдық ойға, мәдениетаралық диалогқа қосқан үлесі архивтік құжаттар арқылы кеңінен таныстырылды. Көрмеге қаламгердің әр жылдардағы шығармашылық жолы мен қоғамдық қызметін бейнелейтін сирек фотоматериалдар қойылды. Бұл экспозиция – бір тұлғаның ғана емес, тұтас бір дәуірдің рухани келбетін көрсететін құнды тарихи дерек.

«Невада-Семей жұмысы – тарихымыздағы маңызды сәттер туралы сыр шертетін жәдігерлердің бірі деп айта аламын», – деді ұйымдастырушы Адиса Кин.

Іс-шара аясында Орталық мемлекеттік кино-фотоқұжаттар және дыбыс жазбалары архивінің қорынан алынған бейне және аудиоматериалдар да ұсынылды. Көрермендер ақынның өз дауысымен оқылған өлеңдерін тыңдап, әр кезеңдегі сұхбаттарынан үзінділер көрді. Бүгінде архив қорында Олжас Сүлейменовке қатысты 100-ге жуық киноқұжат, фотоқұжат және дыбыс жазбасы сақталған. Мамандар мұндай материалдар қаламгер мұрасын зерттеуге ғана емес, жас ұрпақтың ұлттық әдебиет пен рухани құндылықтарға қызығушылығын арттыруға да мүмкіндік беретінін айтады.

«Биыл ақынның 90 жылдық мерейтойын өткізіп жатыр ғой, үшінші рет қатысып жатырмын. Үшеуі үш түрлі форматта өтті. Бүгінгі конференцияда  жастарға тыңдайтын дүние көп», – деді саясат ғылымдарының докторы Алмаз Әбілдаев.

Оқи отырыңыз: Биыл елде газ тұтыну көлемі 22,3 млрд текше метрге жетеді - Энергетика министрлігі