Бір QR-код барлық банкте: Қазақстанда жаңа төлем жүйесі іске қосылады

17.07.2026 19:25

19 шілдеден бастап бірыңғай QR-төлем жүйесі іске қосылады

Елімізде 19 шілдеден бастап төлемнің бірыңғай QR-код жүйесі іске қосылады. Енді тұрғындар қай банктің клиенті болса да, бір QR-код арқылы төлем жасай алады. Яғни сатып алушы мен сатушы әртүрлі банктердің қызметін пайдаланса да, төлем бір ғана кодпен қабылданады, деп хабарлайды Аlmaty.tv тілшісі.

Мамандардың айтуынша, бұл өзгеріс кәсіпкерлерге қиындық тудырмайды. Себебі техникалық жұмыстардың барлығын банктер жүргізеді. Бұдан бөлек, алдағы уақытта осы жүйе арқылы халықаралық ақша аудару мүмкіндігі де іске қосылмақ.

«Қазір Қытай және Қырғызстан бағыттары бойынша интеграциялық жұмыстар жүргізіліп жатыр. Үндістан және Біріккен Араб Әмірліктерімен өзара ынтымақтастық туралы меморандумдарға қол қойылды. Сондай-ақ Түркиямен де келіссөздер жүргізілуде. Жыл соңына дейін Қытай және Қырғызстан бағыттары бойынша жобаны толық іске қосу жоспарланып отыр», – деді ҚР Ұлттық банкі төрағасының орынбасары Бинұр Жәленов.

Бірыңғай QR-төлем жүйесі іске қосылғанымен, банктердің қолданыстағы бонустық бағдарламалары өзгермейді. Әр банк өз саясатына сәйкес ынталандыру тәсілдерін өзі реттей алады.

Сонымен қатар банктер жаңа төлем жүйесіне бейімделген қосымша бонустық бағдарламаларды да әзірлеп жатыр.

«Бірқатар банк ортақ QR жүйесін енгізуге, яғни жаңа төлем тәсіліне байланысты өзінің жаңа бонустық бағдарламаларын әзірлеп жатыр. Сондықтан ынталандыру немесе бонустық бағдарламалар банктердің өзіне тікелей байланысты мәселе. Олар өздерінің дербестігі мен мүмкіндіктерін сақтайды», – деді ҚР Ұлттық банкі Төлем жүйелері департаментінің директоры Ерлан Ашықбеков.

Оқи отырыңыз: Алматыда арықтарды жаңғырту жұмыстары басталды