Бір сәттік бейқамдық: Сәтбаевта 3 жастағы бүлдіршін терезеден құлап, көз жұмды

Мамандардың мәліметінше, былтыр Сәтбаев қаласында 8 адам терезеден құлаған

Жаңалықтармен бөлісіңіз

Жаз басталғалы балалардың терезеден құлау оқиғасы жиілеп барады. Соңғы күндері еліміздің бірнеше өңірінде осындай жағдай тіркелсе, күні кеше Сәтбаев қаласында үш жасар бүлдіршін бақилық болды. Баланың өмірін бір сәттік бейқамдық жалмап кетті, деп хабарлайды Аlmaty.tv тілшісі.

Жаз болса балалардың терезеден құлау дерегі күрт көбейеді. Мамандардың айтуынша, қайғылы оқиғаның көбі ата-ана назарынан тыс қалған жағдайда болады. Әсіресе балалар терезенің шыбын-шіркейге қарсы торына сүйенемін, деп мерт болуда. Сәтбаев қаласының төтенше жағдайлар мамандары түсіндіру жұмыстарын тұрақты жүргізіп жатыр. Алайда қабылданып жатқан шараларға қарамастан, қайғылы оқиғалар әлі де тоқтар емес.

«Сәтбаев қаласы аумағында жаз мезгілі басталғалы бері бір ай 2 жағдай тіркелді. Өкінішке қарай, бір бала көз жұмды, екіншісі медициналық мекемеде ем алып жатыр. Құрметті ата-аналар, қала тұрғындары Сәтбаев қаласының төтенше жағдайлар бөлімі бала өміріне жауапкершілікпен қарауды сұрайды», – деді Сәтбаев қаласы Төтенше жағдайлар бөлімінің аға инженері Әнел Қадырғали.

Мамандардың мәліметінше, былтыр Сәтбаев қаласында 8 адам терезеден құлаған. Ал өткен екі аптада 3 оқиға тіркелді. Оның екеуі де кішкентай бала, үшіншісі жасөспірім. Дәрігерлердің айтуынша, мұндай жағдайда көбіне бас сүйек-ми жарақаты, ішкі ағзалар зақымданады. Жаны аман қалған күннің өзінде сал болып қалуы әбден мүмкін.

«Ата-аналарды барынша мұқият болуға шақырамыз. Балаларды қараусыз қалдырмай, қауіпсіздік шараларын қамтамасыз ету қажет. Өкінішке қарай, кеше ғана 3 жастағы баланың төртінші қабаттың терезесінен құлағаны туралы шақырту түсті. Бала оқиға орнында көз жұмды. Мұндай қайғылы жағдайлардың алдын алу үшін терезелерге арнайы қорғаныс құралдарын орнатып, балаларды бақылаусыз қалдырмау қажет», – деді Сәтбаев қалалық Жедел жәрдем қызметінің фельдшері Светлана Воробьева.

Биіктік кішкентай балаға ғана емес, ересектер үшін де қауіпті. Москит торы қауіпсіз болып көрінгенімен, шын мәнінде баланы қорғай алмайды. Жыл сайын балалар дәл осы торға сүйеніп, терезеден құлап жатады. Мамандар ата-аналарды сақ болуға шақырады. Себебі қауіпсіздік ғана қайғылы жағдайдың алдын алады.

Алтынгүл Төлегенова

Оқи отырыңыз: Өмір үшін күрес: сарбаз Ербаян Мұхтар қайтыс болды