Өмір үшін күрес: сарбаз Ербаян Мұхтар қайтыс болды

Марқұмның жақындары Ербаян Мұхтарға қатысты істі әрі қарай қазбаламайтынын мәлімдеді

Жаңалықтармен бөлісіңіз

Әскери қызмет барысында ауыр жарақат алып, ұзақ уақыт бойы ем қабылдаған Ербаян Мұхтар қайтыс болды. Марқұмның отбасы оның өмірін сақтап қалу үшін Түркияда емдетіп, барлық мүмкіндікті пайдаланған. Алайда соңғы күндері науқастың жағдайы күрт нашарлап, дәрігерлер оны аман алып қала алмады, деп хабарлайды Аlmaty.tv тілшісі.

Үш жылға жуық өмір үшін күрескен Ербаян Мұхтар дүниеден өтті. Ол әскери қызметін өтеу кезінде алған бас-ми жарақатынан кейін өте ауыр жағдайда болғані. Осы уақыт аралығында оған бірнеше күрделі ота жасалып, шетелде ем қабылдады. Жақындарының айтуынша, Ербаян кезекті рет Түркияға ем алуға аттануы керек еді. Алайда оған мүмкіндік берілмеді. Өмір үшін жан аямай күрескен жас жүректің соғысы тоқтады.

«Дәрігер звондап жүрегі тоқтап қалғанын айтты. Мен келгенше сағат 22:30, бәлкім 23:30 болып қалды, білмеймін? Бірден палатасына бардық. Баланың үстінде жатқан ИВЛ-дің барлығы жоқ. Олар алынбауы керек еді. Біздің күмәніміз бар. Іштегі камералар жабық, скочталғанын көзімізбен көрдік», – деді марқұмның әкесі Хамит Аймағамбетов.

 Ұлттық шұғыл медицинаны үйлестіру орталығының мәліметінше, Ербаян 26 мамырда өте ауыр жағдайда жеткізілген. Ол реанимация бөліміндегі жеке палатада ем алып, қажетті медициналық жабдықтармен қамтамасыз етілген. Науқас тәулік бойы дәрігерлер мен мейіргерлердің бақылауында болған. Алайда барлық медициналық көмекке қарамастан оның жүрегі тоқтап, көз жұмған.

«Науқас орталыққа түскен кезде екі жақты пневмония аясында дамыған ауыр тыныс жеткіліксіздігімен және негізгі ауруының клиникалық декомпенсация кезеңінде болды. Өкінішке қарай, кеше науқастың жағдайы күрт нашарлап, ағзалық жеткіліксіздік белгілері күшейді. Соның салдарынан жүрек қызметі тоқтап, биологиялық өлім фактісі тіркелді», – деді Ұлттық шұғыл медицинаны үйлестіру орталығының басқарма төрағасы Ержан Әділбеков.

Ербаянның туыстары осы уақытқа дейін талай қиындықты бастан өткергенін айтады. Олардың сөзінше, соңғы жылдары үміт пен сенім қатар жүріп, оның сауығып кетуіне барынша күш салған. Марқұмның жақындары Ербаян Мұхтарға қатысты істі әрі қарай қазбаламайтынын мәлімдеді. Олар баланың жаны тыныш болғанын қалайтынын айтып, бұл істі бұдан әрі көтермеуге шешім қабылдаған.

«Бізге ештеңе керек емес. Ата-анасының талабы. «Баланы жерлейікші, баланың жаны жәй тапсын» дейді. Екі жыл қиналды ғой, әке-шешесі де, халық та, бәріне оңай болған жоқ. Қазақ халқы біледі, ақша жинады, көмектесті. Түркияға емге барып келді, бәрі жақсы болды. Осында келді де жағдайы нашарлап кетті», – деді марқұмның ағасы Самат Мұстафин.

Айта кетейік, Ербаян Мұхтардың оқиғасы қоғам назарын алғаш рет 2023 жылдың желтоқсанында аударды. Сол кезде марқұм ауыр халде комаға түскен болатын. Ол қызмет еткен Ұлттық ұланның әскери бөлім өкілдері сарбаздың дәретханада құлап, басын кафельге соғып алғаны туралы хабарлаған.

Мәди Бижан, Данияр Омар, Әлихан Өтеген, Астана