Елімізде 120-дан астам этнос өкілі тату-тәтті өмір сүріп, әрқайсысы өз еңбегімен елдің әлеуетін арттырып келеді
Көк туымызды көкте желбіретіп, адам өміріне араша түсіп, әлемдік сахналарда әуелете ән шырқап, цифрлық кеңістікте тың шешімдер ұсынып жүрген жандар бар. Олардың барлығы – Қазақстан атты ортақ шаңырақтың перзенттері. Елімізде 120-дан астам этнос өкілі тату-тәтті өмір сүріп, әрқайсысы өз еңбегімен елдің әлеуетін арттырып келеді. Осындай келісім мен өзара түсіністік – басты құндылықтардың бірі. Ал бұл құндылықты айшықтайтын мереке елімізде 1996 жылдан бері аталып өтеді.
Almaty.tv тілшісі мереке қарсаңында елдің өркендеуіне үлес қосып жүрген жандар жайлы сыр шертпек.
Милад Карими - еліміздің атын әлемдік аренада асқақтатып жүрген дарынды гимнаст. Кермедегі күрделі элементтері мен еркін жаттығудағы шеберлігі арқылы халықаралық жарыстарда тұрақты нәтиже көрсетіп келеді. Қоржынында әлем чемпионатының жүлдесі, Азия біріншіліктеріндегі жеңістері бар. Олимп шыңын да бағындырып, үздіктер қатарынан көрінген. Әкесі ирандық, анасы орыс болғанымен, ол үшін ең бастысы – Қазақстанның абыройы. Алматыда туып-өскен Милад өзін қазақпын деп таныстырып, әр жетістігін ел мерейімен байланыстырады.
«Жарысқа шығып, еліміздің атынан өнер көрсеткенде, көк туымыз көтеріліп, әнұранымыз шырқалатын сәттің орны бөлек. Ондай кезде ерекше сезімге бөленесің - тек өзің үшін емес, бүкіл ел үшін қуанасың. Мен Қазақстанның атынан шығамын. Алматыда туып-өстім. Нағыз қазақпын!» – деді әлем чемпионатының жүлдегері Милад Карими.
Милад Карими халықаралық ареналарда ел мерейін үстем етіп, жүлде қоржынын толтырып жүргенде, операция үстелінде Константин Ли адам өмірі үшін күресіп келеді. Ол – бірінші санатты нейрохирург. Ақ халатты абзал жан 15 жылдан астам уақыт №7 қалалық ауруханада еңбек етіп, тәжірибе жинақтаған. Қазір Алматыдағы жедел шұғыл көмек көрсету мекемесінде қызмет атқарады. Мыңдаған ота жасап, талай тағдырға араша болған дәрігер үшін әрбір өмір – үлкен жауапкершілік.
«Ауруханада бүтін бір бөлімді басқару - үлкен жауапкершілік екені даусыз. Әрдайым кәсіби деңгейіңді сақтап, артылған сенім үдесінен шығуың қажет. Өйткені бұл жерде қателікке жол жоқ. Сондықтан әр шешімге мұқият қарап, осы жауапкершілікке лайық болуға тырысамын», – деді қалалық Жедел шұғыл көмек көрсету ауруханасы нейрохирургия бөлімінің меңгерушісі Константин Ли.
Ал бұл – Абай атындағы опера және балет театрының солисі Оксана Давыденко. Ол жиырма жылдан астам уақытын үлкен сахнаға арнаған. Осы жылдар ішінде сан алуан партияны сомдап, мыңдаған қойылымда өнер көрсеткен. Гастрольдік сапарлар мен халықаралық жобалар оның шығармашылық жолын кеңейткен. Өзге ұлт өкілі болса да, қазақ тілінде опера айту оған ерекше қуат беретінін айтады.
«Алматыда дүниеге келдім. Жасыл желекке оранған әсем қалада өстім. Әртүрлі елдерде болып, талай мықты дауысты тыңдадым. Дегенмен Қазақстанда да қуатты, көркем дауыс иелері аз емес. Бізде табиғи мүмкіндік мол. Сондықтан жинаған тәжірибемді бөлісіп, кейінгі буынға бағыт-бағдар беру – басты ұстанымым», – деді Абай атындағы Опера және балет театрының солисі Оксана Давыденко.
Қазақстандықтар шетелде де табысты еңбек етіп жүр. Солардың бірі - Әлібек Датбаев. Ол – қонақүйден орын брондауға арналған әлемдегі ірі Booking компаниясында қызмет атқарып жүрген алғашқы қазақ. Бүгінде жасанды интеллект бағытындағы жобаларды үйлестіріп, жаһандық жүйеге енгізілетін маңызды шешімдердің жүзеге асуына үлес қосып жүр. Сонымен қатар елдегі технологиялық ортамен байланысын үзбей, жас мамандарға бағыт-бағдар беріп келеді.
«Көбіне қай елден екенімді сұрайды. Сондай сәттерде Қазақстан туралы мақтанышпен айтып, бөлісемін. Техникалық тұрғыдан да, біліктілік жағынан да біз ешкімнен кем емеспіз. Жастар алдыңғы қатарлы компанияларда жұмыс істеп, күрделі жобаларды жүзеге асырып жүр. Елде де стартаптарды дамытуға арналған бағдарламалар көп, оған мемлекет тарапынан қолдау бар. Мұның бәрін осында жүріп-ақ көріп отырмын», – деді Booking.com компаниясы жасанды интеллект платформаларын дамыту жөніндегі жетекшісі Әлібек Датбаев.
Тегі бөлек болғанымен, тілегі ортақ бұл жандарды тоғыстыратын бір ғана мекен бар – ол Қазақстан. Мұнда 120-дан астам этнос өкілі бір шаңырақ астында тату-тәтті өмір сүріп жатыр. Бейбіт өмір мен өзара түсіністік – еліміздің ең берік тірегі. Ал сол бірлік - Қазақстанның ең үлкен күші екені сөзсіз.
Мәди Мәлік. Ернат Болатбек
Оқи отырыңыз: Еліміздегі мектептерде білім мониторингі өткізіледі