Біржолғы зейнетақы төлемдері есебінен көзді емдеуге шектеу қойылды

04.12.2025 19:44

Қазақстандықтар арасында көзіне ота жасатқысы келетіндер 7 есеге артқан

Енді біржолғы зейнетақы төлемдері есебінен тісті ғана емес, көзді де емдеуге шектеу қойылды. Отбасы банк мәліметінше, қазақстандықтар арасында көзіне ота жасатқысы келетіндер 7 есеге артқан, деп хабарлайды Almaty.tv тілшісі.

Біржолғы зейнетақы төлемдері есебінен тіс емдетіп, көз тексертуге болмайды. Отбасы банк өкілдерінің мәліметінше, соңғы уақытта жалған қызмет көрсетіп, зейнетақы жинақтарын қолма-қол ақшаға айналдыратындар көбейген. Сондықтан денсаулық сақтау министрлігі жинақты жұмсауға тыйым салатын жоба енгізіп отыр.

«2023 жылы офтальмология бойынша, барлығы 85 өтінім мақұлданған. Ал 2024 жылы 1381 өтінім. Ал биыл бұл көрсеткіш бірнеше есеге өсіп, шамамен,  6 мың өтінімге жетіп отыр. Олардың барлығы бір офтольмологиялық клиникамен келісімшарт жасаған. Бірақ ол офтольмологиялық клиникалардың құжаттарда мекен-жайы әр жерде көрсетілген», – деді «Отбасы банк» АҚ баспасөз хатшысы Назерке Ғалым.

Алайда бастама көпшілікті қуанта қоймаған көрінеді. Мәселен, алматылық Алина Ыдырыс жаңа жүйеге түбегейлі қарсы. Ол зейнетақы қоры есебінен көзіне ота жасатпақ болған. Алайда енгізілген ережеге сәйкес, бұл жоспар кейінге шегеріліпті.

«Зейнетақыда жатқан ақшаның бәрі өзінің ақшасы ғой. Еңбектеніп жинадық. Бірақ, жұмсай алмасақ, не үшін жинайды? Не үшін айлығымыздың жартысын пенсионный фондқа құюмыз керек?», – деді қала тұрғыны Алина Ыдырыс.

Зейнетақы қоры есебінен емделетіндер қатары артқанын офтальмолог дәрігер Бауыржан Қадырғалиев те растайды. Сөзінше, емханаға келетін жандардың көбі көзіне ота жасату үшін дәл осы жүйені таңдайды. Өйткені ота жасату құны қымбат. Ал оған көптің қалтасы көтермейді.

 «Лазерлік коррекция, яғни, миопия, гиперметропияның лазерлік операциясын осы көмек арқылы жүзеге асыратын едік. Отаның бағасы 500 мың теңге. Ақша бірден университеттің шотына аударылады. Дәрігер де, басқа адам да оған кірісе алмайды», – деді офтальмолог дәрігер Бауыржан Қадырғалиев.

Айта кетейік, біржолғы зейнетақы қоры есебінен тіс, көз емдету қызметтері алынып тасталғанымен, сирек ауруларды емдеу, радиохирургия, протондық терапия сияқты бірқатар медициналық шараларды қабылдауға рұқсат.

Диана Тұрлыбек, Ялкунжан Ашимжанов

Оқи отырыңыз: МӘМС-ті төлемегендерге несие берілмеуі мүмкін