Биыл 10 энергоблок, 63 қазандық пен 39 турбина күрделі жөндеуден өтеді

07.08.2025 21:11

Қанат Бозымбаев бастаған Үкімет мүшелері қатысқан баспасөз жиыны 3 сағаттан астам уақытқа созылды

Келесі жылдан бастап елімізде коммуналдық тарифтер 30 пайызға дейін қымбаттайды. Ал жыл соңына дейін Павлодар қаласында және Қарағанды, Батыс Қазақстан, Түркістан облыстарында қызмет құны өсуі мүмкін. Бұл туралы Табиғи монополияларды реттеу комитетінің төрағасы Тимур Қосымбаев Үкіметте мәлімдеді, деп хабарлайды Almaty.tv тілшісі.

Сөзінше, тарифтер бағасын көтеру тұрақты түрде жүргізіледі. Тұтынушылардың ақшасы инфрақұрылымды реконструкциялау мен жаңғыртуға алынған қарыздың бір бөлігін өтеуге жұмсалады.

Елдегі жылу желілерінің орта есеппен 60 пайызы тозған. Мұндай деректі Үкіметте өткен жиында Энергетика вице-министрі Сұңғат Есімханов айтты. Сөзінше, соңғы 2 жылда жағдай айтарлықтай жақсара түскен. Үкімет алдағы 5 жылда бұл көрсеткішті 45 пайызға дейін төмендетуді көздеп отыр.

«Біз бұл бағытта жұмыс жүргізіп жатырмыз. 37 жылу электр орталығы бойынша жеке есеп жүргізіледі. Былтыр 19 жылу электр орталығы «қызыл аймақта» болған. Қазір олардың саны 10-ға дейін қысқарды. Ал үш станса «сары аймақтан» «жасыл аймаққа» өтті. Сондықтан бұл бағыттағы жұмыс жалғаса бермек», – деді ҚР Энергетика вице-министрі Сұңғат Есімханов.

Үкімет жылыту маусымына қызу дайындалып жатқан көрінеді. Биылғы жоспар –  10 энергоблок, 63 қазандық пен 39 турбинаны күрделі жөндеуден өткізу. Бүгінде 5 энергоблок, 30 қазандық пен 18 турбинада жөндеу жүріп жатыр. Есімхановтың сөзінше, басқасында жұмыс түгел аяқталған.

«Жылу желілеріне келсек, ол жағынан да тиісті кестелер бар. Өңірлік кестелерді әріптестер бақылау комитетімін бірге жасап жатыр. Біріншіден, тарифтерден, екіншіден, республикалық бюджеттен 2025 жылы 40 миллиардтай қаражат бөлінген. Қосымша күрделі жөндеу кезінде табылғандарға байланысты Үкімет резервінен де тиісті қаржы бөлініп жатыр», – деді Сұңғат Есімханов.

Энергетикалық және коммуналдық секторларды жаңғырту жөніндегі ұлттық жобаны жүзеге асыру үшін 13 триллион теңгеден астам инвестиция қажет. Бұл қаражат 86 мың шақырым коммуналдық желілерді жөндеуге және салуға жұмсалмақ. Вице-премьер Қанат Бозымбаев бұл ақшаны отандық және халықаралық қаржы институттарынан, екінші деңгейдегі банктерден, бюджет пен Ұлттық қор есебінен және акционерлерден аламыз деп бекініп отыр. Бұл тұста журналистер Бозымбаевқа Парламенттің Үкіметке «Ұлттық қордан қаражат тартуды азайтыңдар» деген ескертуін есіне салды.

 «Осы көздер қарастырылған. Бірақ субсидиялау мемлекет тарапынан болуы керек. Ол көп емес, келесі жылда 38-40 миллиард теңге болуы мүмкін. Ұлттық қордан емес, республикалық бюджеттен қарастыратын боламыз», – деді ҚР Премьер-министрінің орынбасары Қанат Бозымбаев.

Бүгін Қанат Бозымбаев бастаған Үкімет мүшелері қатысқан баспасөз жиыны 3 сағаттан астам уақытқа созылды. Тап тұйнақтай жазылған баяндамасында Бозымбаев ұлттық жоба аясында жыл соңына дейін 6 инфрақұрылымдық компанияның тозу деңгейі 40 пайызға төмендейтінін, пилоттық режимде 150 миллиард теңгеге жуық инвестиция тартылып, 8,5 мың шақырым желіні жөнделетінін жеткізді.

Астанадан Аршат Әділжанқызы, Данияр Омар, Әлихан Өтеген

Оқи отырыңыз: Алматыда қалалық басқарудың жаңартылған құрылымы бекітілді