Биыл 200-ге жуық жаңа кәсіпорынды іске қосу жоспарланды — Нұрлыбек Нәлібаев
Өндіріс орындары жалпы құны 1,7 трлн теңге болады
Осы жылдың 9 айының қорытындысы бойынша өңдеу өнеркәсібі 8,6%-ға өсіп, өндіріс көлемі 24,2 трлн теңгеге жуықтады. Бұл туралы Үкіметте өткен баспасөз мәслихатта ҚР Премьер-министрінің бірінші орынбасары Нұрлыбек Нәлібаев, деп хабарлайды Almaty.tv.
Өңдеу өнеркәсібінің жалпы ішкі өнімдегі үлесі 14%-дан асты. Машина жасау саласында өсім 22,8%-ды, химия өнеркәсібінде 23,4%-ды, тамақ өнімдерін өндіруде 13,8%-ды, фармацевтикада 31%-ды құрады. Премьер-министрдің бірінші орынбасары бұл экономика құрылымының біртіндеп шикізат өндіруден оны өңдеуге қарай өзгеріп жатқанын көрсететінін айтты.
«Ендігі міндет – осы үрдісті одан әрі нығайту. Биыл жалпы құны шамамен 1,7 трлн теңге болатын 200-ге жуық жаңа кәсіпорынды іске қосу жоспарланды. Саладағы басты бағдар – импортқа тәуелді болмай, өзіміздің өндірістік мүмкіндіктерімізге сүйену. Мемлекеттік қолдау ел экономикасына барынша жоғары оң әсер беретін жобаларға көрсетіледі», — деді Нұрлыбек Нәлібаев.
Премьер-министрдің бірінші орынбасары Өнеркәсіп және құрылыс министрлігі өндірістік қуаттар теңгерімін бағалау әдістемесін бекіткенін атап өтті. Енді әрбір жаңа жоба нарықтағы сұранысқа, жұмыс істеп тұрған кәсіпорындардың өндірістік қуаттарының жүктемесіне және жер ресурстардың қолжетімділігіне сәйкес қаралады. Мұндай бағалаудың нәтижелері преференциялар беру кезінде және мемлекеттік қолдау шараларын одан әрі жетілдіру барысында ескеріледі.
«Бұл – қаражатты нақты экономикалық нәтиже беретін бағыттарға жұмсауға және артық өнім өндіруге жол бермейді. Бұдан бөлек, өнеркәсіптік кластерлердің жаңа моделі енгізілуде. Бұл модель түпкілікті өнім шығаруда кәсіпорындардың өзара кооперациясын дамытуға және шағын әрі орта бизнесті ірі тірек кәсіпорындардың төңірегіне шоғырландыруға бағытталған», — деді Нұрлыбек Нәлібаев.
Оқи отырыңыз: Құрылтай Президенттің Жолдауда жариялаған бастамаларын қолдады