Оқу-ағарту министрі жаңа ережелер мен ата-аналарға арналған жеңілдіктер туралы мәлімет берді
Қазақстанда мектеп табалдырығын алғаш аттайтын бүлдіршіндердің құжаттарын қабылдау мерзіміне өзгеріс енгізілді. Биыл бұл науқан 27 мамырда басталып, 31 тамызға дейін жалғасады, - деп хабарлайды Almaty.tv.
Бұған дейін құжат қабылдау дәстүрлі түрде 1 сәуірден басталса, министрлік өткен жылдардағы тәжірибені сараптай келе, мерзімді ауыстыру туралы шешім қабылдаған. Оқу-ағарту министрі Жұлдыз Сүлейменова бұл өзгерістің ата-аналар үшін қолайлы болатынын атап өтті.
«Барша бірінші сыныпқа баратын оқушылардың ата-аналары үшін бұл шешім өте қолайлы деп санаймыз. Қазіргі таңда құжат қабылдау базасы бірнеше мәрте тексерістен өтіп жатыр. Біз ата-аналарға барынша ыңғайлы жағдай жасау үшін арнайы график пен тиісті тетіктерді әзірледік. Бұл жүйені қосымша таныстыратын боламыз. Мектеп табалдырығын аттайтын бүлдіршіндер мен олардың ата-аналарына сәттілік тілеймін», – деді ҚР Оқу-ағарту министрі Жұлдыз Сүлейменова.
Ведомство басшысының айтуынша, цифрлық жүйенің дайындығы мен ата-аналардың өтініштерін ескере отырып жасалған бұл қадам оқу жылына дайындықты сапалы жүргізуге мүмкіндік береді. Құжаттарды қабылдау процесі толықтай автоматтандырылып, ашық түрде жүзеге асырылмақ.
Оқи отырыңыз: Қазақстанда 303 зертхана жұмыс істеп тұр: ғылым мен бизнестің интеграциясы