Биыл елімізде 28,9 триллион теңгенің өнімін өндірілді

Экология министрі 2029 жылға дейін қатты қалдықтарды қайта өңдеу көлемін 40 пайызға жеткізбек

Жаңалықтармен бөлісіңіз

Биыл жарты жылда елдегі зауыт, фабрикалар мен кен орындары жалпы сомасы 28,9 триллион теңгенің өнімін өндірген. Бұл былтырғымен салыстырғанда 6,5 пайыз көп. Оның ішінде өңдеу өнеркәсібінде өндіріс көлемі 13,7 триллион теңгеге жетіп, өсім 5,5 процент болған, деп хабарлайды Almaty.tv тілшісі.

Мемлекет басшысы Үкіметке нақты секторды дамыту туралы тапсырмалар жүктеген. Бүгін Премьер-министрдің бірінші орынбасары Роман Скляр журналистерге атқарылған шаруа мен алдағы жоспар туралы баяндады. Сөзінше, өңдеу өнеркәсібінің жалпы ішкі өнімге қосқан үлесі 12,4 пайыз екен. Бұл өсімге ең алдымен машина жасау, химия саласы, құрылыс материалдары және азық-түлік өндірісіндегі өнім көлемінің артуы себеп болған.

«Биыл жалпы құны шамамен 1,5 триллион теңге болатын 190 жобаны іске қосу жоспарланған. Оның 196 миллиард теңге сомасына 47 жоба іске қосылды. 3 мыңнан астам жұмыс орны құрылды», – деді ҚР Премьер-министрінің бірінші орынбасары Роман Скляр. 

Роман Скляр маңызды бағыттардың бірі көлік инфрақұрылымын дамыту бойынша да ауқымды жұмыстың жүргізіліп жатқанын жеткізді. Мәселен, 2026 жылы халық «Мойынты-Қызылжар», «Дарбаза-Мақтаарал» темір жолдарының игілігін көрсе, 2027 жылы «Бақты-Аягөз» жобасы іске қосылады. Елдің транзиттік әлеуеті экономикалық дамудың маңызды факторы.  Көлік министрі Нұрлан Сауранбаевтың есебінше,  транзиттік әлеуетті дамыту арқылы Қазақстан экономикасы жылына 5 триллион теңге пайда табуы мүмкін.

«Транзиттік әлеует – еліміздің байлығы және ұрпағымыздың болашағы. Бұл үнемі табыс әкелетін сала. Қазіргі заманғы транзит пен жол, автожол салу орасан зор ресурстарды қажет етеді. Дегенмен бұл –Қазақстанның келешегі. Транзиттік әлеуетті дамыту болашаққа жол ашады», – деді ҚР Көлік министрі Нұрлан Сауранбаев.

Ал экология министрі 2029 жылға дейін қатты қалдықтарды қайта өңдеу көлемін 40 пайызға жеткізбек. Қазіргі көрсеткіш – 25,8 процент. Ол үшін Ерлан Нысанбаев 345 миллиард теңгеге 67 жобаны жүзеге асырмақшы. Бүгінде 52 миллиард теңгеге 14 жоба қаржыландырылған екен.

«Жалпы 67 проектінің 41-і тек қана өңдеу проектілері. Олар – қағаз, пластик, әйнек. Қалдықтың фракциясын қарасақ, ең көп шығатыны осы қалдықтар. Сол себептен жылдың аяғына дейін 67 жобаны толығымен бастап кетуді жоспарлап отырмыз», – деді ҚР Экология және табиғи ресурстар министрі Ерлан Нысанбаев.

Роман Склярдың айтуынша, Зайсан, Катонқарағай және Кендірлі курорттық аймақтарында әуежай құрылысы басталыпты. Биыл 19,2 миллион шаршы метр тұрғын үй пайдалануға беріліп, 94 елдімекен газбен қамтамасыз етіледі. Осылайша, 300 мыңнан астам адам көгілдір отынға қол жеткізбек. Бұл игіліктің бәрі Мемлекет басшысының тапсырмасы аясында іске асып жатқанын айта кетейін.

Аршат Әділжанқызы, Ланияр Омар, Әлихан Өтеген

Оқи отырыңыз: Премьер-министр Қызылорда облысында гидронысандардың жай-күйін тексерді

Новости партнеров