Қазақстандық оқушылар халықаралық олимпиадада тарихи жетістікке қол жеткізді
Қазақстан IGeO олимпиадасына 2012 жылдан бері қатысып келеді
Оқушылар арасындағы ең беделді әлемдік пәндік олимпиадалар – IChO, IMO, IPhO, IBO, IGeO, IOL, IOI жалғасуда. Бүгін Таиландта география пәнінен IGeO–2025 халықаралық олимпиадасы өз мәресіне жетті, деп хабарлайды Аlmaty.tv ҚР Оқу-ағарту министрлігінің баспасөз қызметіне сілтеме жасап.
Үш кезеңнің қорытындысы бойынша Қазақстан құрамасы ел тарихындағы үздік нәтижеге қол жеткізіп, екі алтын, екі күміс қанжығалады.
- Алтын – Талғат Байбусынов, Қарағанды облысындағы НЗМ, 12-сынып;
- Алтын – Андрей Енбахтов, Қостанай облысындағы НЗМ, 10-сынып;
- Күміс – Болат Ақжол, Жетісу облысындағы НЗМ, 12-сынып;
- Күміс – Әлихан Қалмағамбетов, Ақтөбе облысындағы НЗМ, 12-сынып.
Команда жетекшілері: Қ.Сәтбаев атындағы ҚазҰТЗУ-дың 2-курс студенті Рустам Валеев және халықаралық, республикалық олимпиадалардың жеңімпазы Абай Дүйсен.
Айта кетейік, Қазақстан IGeO олимпиадасына 2012 жылдан бері қатысып келеді. Осы уақыт аралығында қазақстандық оқушылар 5 алтын, 4 күміс және 7 қола медаль жеңіп алған.
Оқи отырыңыз: Көрші елде тұтанып, Жамбыл облысына тараған дала өрті сөндірілді