Референдумға дейін:
16
күн
9
сағат
53
минут

Биыл елімізде бидай аз егіліп, жүгері алқабы ұлғаяды

Министр көршілердің тәжірибесін жүгері өсімі төмен солтүстік өңірлерге пайдаланбақ

Жаңалықтармен бөлісіңіз

Биыл елімізде бидай аз егілмек. Оның орнына түсімі мол, шығыны аз, сатса табысы көп дақылдар себіледі. Мәселен, жүгері алқабы ұлғаяды. Былтырмен салыстырғанда биыл жүгері дәні 90 мың гектарға көбейіп, 265 мың гектарға жетеді, деп хабарлайды Almaty.tv тілшісі.

Ауылшаруашылығына жауапты министр Айдарбек Сапаров жүгері алқабын кеңейтпек. Былтыр осы дақылды 174 мың гектарға ексе, биыл 265 мыңға гектар жерге жеткіземіз деп бекініп отыр. Сапаров тіпті халықаралық тәжірибеге сүйену үшін, шекара асып, Қытайдың жүгері өсіретін компаниясының өкілдерімен кездескен. Сөзінше, көрші елдің мамандары тыңайтқыш пен тұқымды жеткізу, орны өсірудің жолдарын көрсетіп, практикалық қолдау көрсетуге дайын екен. Министр көршілердің тәжірибесін жүгері өсімі төмен солтүстік өңірлерге пайдаланбақ.

 «Сонымен қатар, қазіргі уақытта кәсіпорынды жүктеу мақсатында Азық-түлік корпорациясы арқылы шаруаларды форвардтық қаржыландыру және кейіннен жүгеріні инвесторға өткізу мүмкіндігі пысықталуда. Осыған байланысты әкімдіктерді жүгері өсіру бойынша халықаралық тәжірибені қабылдап, оның егіс алқаптарын кеңейту бағытындағы жұмысты жандандыруды сұраймыз», – деді ҚР Ауыл шаруашылығы министрі Айдарбек Сапаров.

Сапаровтың сөзінше, көктемгі дала және егін жинау жұмыстарына 700 миллиард теңге жеңілдетілген кредит беріледі. Қазірдің өзінде 1900-ге жуық шаруа 200 миллиард теңге алған. Ал «Даму қоры» арқылы несие көлемі 300 миллиард теңгеге дейін көбеймек. Одан бөлек, биыл шаруаларға 402 мың тонна дизель отыны беріледі. Жанар-жағармай 1 ақпан мен 30 маусым аралығында жеткізіледі. Жер емген ағайын дизель отынын жанар-жағармай станцияларынан 15 пайызға арзан бағамен алады.

«Ауыл шарушылығы тауарын өндірушілер үшін дизель отыны қозғалысының ашықтығы мен бақылауын қамтамасыз ету үшін жеке ПИН-кодтар алынды. Дизель отынының түсін сары, көк және қызылға бояу, электрондық шот-фактура жүйесіне дизель үшін бөлек виртуалды қойма құру жөнінде шаралары қабылданды. Аталған шаралар мұнай жеткізушілердің дизель отынын ауылшарушылығы тауарын өндіруші операторларына мақсатты түрде нақты жеткізуді қамтамасыз етуге мүмкіндік берді», – деді ҚР Энергетика министрі Ерлан Ақкенженов.

Суға жауапты министр Нұржан Нұржігітов шаруаларға аса ұнай қоймайтын жаңалықтың шетін шығарды. Сөзінше, оңтүстікте су тапшылығы қаупі бар. Ол биыл Сырдария және Талас өзендерінің бассейндерінде тіршілік нәрінің мөлшері көпжылдық нормадан төмен болады деп болжап отыр. Сондықтан аймақта вегетациялық кезеңде су тұтыну қатаң бақыланып, су лимиті бекітілген.

«Қызылорда облысы үшін 3,2 миллиард текше метр, Алматы облысы 2,1 миллиард текше метр, Жетісу облысы 1,8 миллиард текше метр, Жамбыл облысы 1,2 миллиард текше метр, Түркістан облысы үшін 3,8 миллиард текше метр көлемінде су пайдалану лимиттерін белгілеу туралы шешім қабылданды», – деді ҚР Су ресурстары және ирригация министрі Нұржан Нұржігітов

Премьер Олжас Бектенов шаруалардың несие алу үшін қағаз құжат тапсырып жүргенінен хабардар. Сондықтан ол жауаптыларға бұл рәсімді цифрландыруды тапсырды. Ал Энергетика министрі дихандарға арзандатылған отынды дер кезінде жеткізіп, жанар-жағармайдың талан-таражға түсуіне жол бермеуін бақылайды. Егіншілер судан тапшылық көрмеуі керек. Сапаров мен өңір әкімдері болса, егіс жұмыстарының уақтылы жүргізілуін бақылауда ұстауы тиіс.

Астанадан Аршат Әділжанқызы, Данияр Омсар, Әлихан Өтеген

Оқи отырыңыз: Олжас Бектенов диқандарға жеңілдетілген несие беру рәсімін оңайлатуды тапсырды

Новости партнеров