Бұл деректі Ішкі істер министрлігі Әкімшілік полиция комитетінің төрағасы жариялады
Биыл елімізде жол апатынан 176 бала көз жұмды. Қаза тапқандардың басым бөлігі жолаушы болған, ал қалғандары – жаяу жүргіншілер, самокат, велосипед және мопед жүргізушілері. Бұл деректі Ішкі істер министрлігі Әкімшілік полиция комитетінің төрағасы жариялады, деп хабарлайды Almaty.tv.
Қайсар Сұлтанбаевтың айтуынша, ересектердің ережені елемеуі қайғылы жағдайға себеп болып жатады. Кейде балалардың өздері де жолда сақтық шараларын ескере бермейді. Кәмелетке толмағандар себеп болған жол апаттарында 17 бала көз жұмған.
«Өскелең ұрпақтың қауіпсіздігі еліміздің басшылығының және барлық мүдделі мемлекеттік органдардың назарында екенін бәріміз білеміз. Әлем бойынша балалардың жолдағы қауіпсіздігі өзекті болып қала береді. Еуропа елдерінде Көлік қауіпсіздігі жөніндегі еуропалық кеңестің мәліметі бойынша жол апатындағы бала өлімі жылына 100 000 балаға шаққанда 2 жағдай тіркеледі. Балалар – жол жүрісіне қатысушылардың ең әлсіз санаты», – деді ҚР ІІМ әкімшілік полиция комитетінің төрағасы Қайсар Сұлтанбаев.
Қайғылы жағдайлардың алдын алу мақсатында Ішкі істер министрлігі мектеп бағдарламасына жол қозғалысы ережелерін жеке міндетті пән ретінде қосуды ұсынып отыр. Ведомство өкілдерінің пікірінше, мұндай сабақтар арқылы балаларға жолдағы заңға бағыну мәдениетін үйретуге болады. Кейін есейіп, көлік жүргізе бастағанда жол қауіпсіздігіне оң әсерін тигізеді.
«Дүниежүзінің көптеген елінде мектеп оқушыларын жол қауіпсіздігі мәселелеріне тарту идеясы ұзақ уақыттан бері білім беру және қоғамдық мәдениетінің бір бөлігіне айналып келеді. Халықаралық тәжірибе көрсеткендей, мұндай бастамалар жолдағы жарақат қаупін төмендетеді», – деді Қайсар Сұлтанбаев.
Оқи отырыңыз: Екі баласын терезеден лақтырып жіберген әйел ауруханадан шықты