Биыл елімізде жол апатынан 2 мың адам мерт болды

14.11.2024 14:58

Министрлік мамандары 38 мыңнан астам тексеру жүргізген

Елімізде жол апаты көбеймесе, азаймай тұр. Жыл басынан бері 22 мыңнан астам қайғылы жағдай тіркелген. Сәтсіз сапар салдарынан 2 мың адам мерт болған. Тағы 25 мыңнан астам жолаушы түрлі дене жарақатын алған. Бұл туралы ІІМ Әкімшілік полиция комитетінің төрағасы мәлімдеді, деп хабарлайды Almaty.tv.

Қайсар Сұлтанбаевтың сөзінше, көрсеткіштің өсуіне жүргізушілердің жауапсыздығы себеп болған. Темір тұлпар тізгіндегендердің дені жол ережесін ескермейді. Тіпті ішімдік ішіп алып, жолға шығып кететіндер де бар. Тәртіп сақшылары биыл 21 мыңға жуық мас жүргізушіні анықтаған.

"Жүргізуші тәртібіне бақылау күшейтілді. 21 мыңға жуық мас жүргізуші ұсталды. 10 мыңға жуық қарсы жолаққа шығу дерегінің жолы кесілді. 25 мыңнан астам жүргізуші басқару құқығынан айырылып, 20 мыңнан астам адам әкімшілік қамауға алынды. 400 мыңға жуық жаяу жүргіншіге айыппұл салынды", – деді ҚР ІІМ Әкімшілік полиция комитетінің төрағасы Қайсар Сұлтанбаев.

Автокөлік жолдарын күтіп ұстау мәселесі де өзекті болып тұр. Министрлік мамандары 38 мыңнан астам тексеру жүргізген. Нәтижесінде қолданыстағы жолдардан 36 мыңнан көп кемшілік анықталған. Министрлік өкілінің айтуынша, қара жолдағы қайғының көбеюіне сапа да әсер етеді. Осыған қатысты 5,5 мыңға жуық лауазымды тұлға әкімшілік жауапкершілікке тартылған. Биыл 10 млннан астам жол ережесін бұзу фактісі тіркелген. Бұл өткен жылғыдан 3 млн-ға артық.

"Жол апаттарының саны және салдарынан дене жарақатын алған кісі санының өсу себебін айттым. Былтыр жол апатын есепке алатын арнайы қағидаларға өзгеріс еңгізілді. Кез келген жол апатына қатысқан азамат, жүргізуші, көлік ішіндегі адам, жолаушы медициналық мекемелерге жүгінсе, бәрі есепке алынады", – деді ҚР ІІМ Әкімшілік полиция комитетінің төрағасы Қайсар Сұлтанбаев.

Оқи отырыңыз: Ақтөбеде жаяу жүргіншіні көлік қағып, мерт қылды