Бірегей код оның шыққан жерін, өндірушісі мен нарыққа қалай жеткенін бақылауға мүмкіндік береді
Қазақстанда тауарларды міндетті цифрлық таңбалау жүйесі кеңейіп жатыр. Қазір бұл жүйе темекі өнімдері, аяқ киім және дәрі-дәрмектерге енгізілген. Ал 2025 жылдан бастап таңбалау тағы төрт тауар тобына, нақтырақ айтсақ, жеңіл өнеркәсіп бұйымдары, сыра, мотор майы мен зергерлік бұйымдарға міндеттелмек. Бұл туралы Сауда және интеграция вице-министрі Әсет Нүсіпов мәлімдеді, деп хабарлайды Almaty.tv.
Оның аайтуынша, әр өнімге берілетін бірегей код оның шыққан жерін, өндірушісі мен нарыққа қалай жеткенін бақылауға мүмкіндік береді. Бұл тұтынушыларды сапасыз әрі заңсыз өнімдерден қорғау, сондай-ақ адал бизнес үшін тең жағдай жасау жолындағы нақты қадам болмақ.
«Бүгінде цифрлық технология заңсыз тауар айналымына қарсы күрестегі ең тиімді құралдардың біріне айналды. Қазақстанда аталған бағытта ауқымды цифрлық жоба жүзеге асырылып жатыр. Бұл – өнімдерді таңбалау және олардың қозғалысын бақылау жүйесі. Мақсат – контрафактімен күресу және тауар қозғалысының барлық кезеңінде өндірістен сөреге дейін ашықтықты қамтамасыз ету», – деді Сауда және интеграция вице-министрі Әсет Нүсіпов.
Сондай ақ вице-министр Қазақстанда техникалық реттеу саласы толық цифрландырылып жатқанын айтты. Қазіргі таңда техникалық реттеудің ақпараттық жүйесі арқылы сертификаттар, декларациялар мен техникалық стандарттар электронды түрде рәсімделеді. Жүйеде 150 мыңнан астам белсенді қолданушы тіркелген. Олардың қатарында мемлекеттік орган өкілдері, аккредитация субъектілері мен бизнес иелері бар.
«Жүйедегі барлық құжат тек цифрлық форматта ұсынылады. Олардың түпнұсқалығын растау үшін арнайы QR-код қолданылады. Яғни, бұл кодты телефон камерасымен сканерлегенде, қолданушы бірден жүйедегі ресми құжатқа өтеді. Аталған жүйе өзге мемлекеттік ақпараттық ресурстармен толық біріктірілген. Бұл деректердің автоматты алмасуын және көптеген үдерістің цифрлық түрде жүруін қамтамасыз етеді», – деді Сауда және интеграция вице-министрі Әсет Нүсіпов.
Оқи отырыңыз: Көк түтін: заводтан шыққан күлімсі иіс талғарлықтардың күнкөрісін қиындатып отыр