Елімізде Каспий теңізі ғылыми-зерттеу институты құрылып, осы ведомствоның қарамағына берілген
Қазгидромет мамандары осындай болжам жасады. Ресми мәліметтерге сүйенсек, Каспий теңізінің деңгейі 2006 жылдан бері 176 сантиметрге дейін төмендеген, деп хабарлайды Almaty.tv тілшісі ҚазАқпаратқа сілтеме жасап.
Ресейдегі мемлекеттік океанография институтының деректері бойынша осы уақыт ішінде су бетінің ауданы 31 мың шаршы шақырымға дейін қысқарды.
— Қазақстанда теңіздің солтүстік-шығыс бөлігінде 2024 жылдың І жартыжылдығындағы орташа деңгей — минус 28,85 метр, Орта Каспийде — минус 29,19 метр болды. Болжам бойынша биыл теңіздің орташа деңгейі өткен жылмен салыстырғанда 15 см-ге төмендеп, минус 29,14 метрді болады, — дейді «Қазгидромет» РМК Каспий теңізінің гидрометеорологиялық зерттеулер басқармасының бастығы Айзат Елтай.
Каспий теңізінің қазақстандық жағалауы 2300 шақырымға созылып жатыр. Соның 1400 шақырымы Маңғыстау облысына тиесілі. Өңірде 4 гидробекет және 3 гидрометеорологиялық станция жұмыс істейді.
Ондағы қызметкерлер теңіз суын тәулігіне 4 рет өлшеп, деңгейінің күн сайын төмендеп жатқанын тіркеп отыр.
Мамандардың айтуынша, теңіздің тартылуына біріншіден климаттың өзгеруі, жер шарындағы ауа температурасының көтерілуі себеп. Соған байланысты теңіздің булану деңгейі өскен.
Мәселен, бұрын аймақта теңіздің булануы 160-180 сантиметр шамасында болса, қазір 2 метрге жетті.
Екінші себеп — теңіз суының таяздануына антропогендік яғни адамдардың іс-әрекетінен болып жатқан жағдайлар да әсер етіп отыр. Каспийге шамамен 130 өзен келіп құяды.
Бұрын Еділ өзенінен жылына 280-290 текше шақырым су құйылатын болса, соңғы жылдары ол 35-40 текше шақырымға азайып кеткен.
ECOJER қауымдастығы Маңғыстау облысы бойынша аймақтық экологиялық кеңесінің төрағасы Әділбек Қозыбақовтың пікірінше, Каспийдің деңгейі — табиғи жолмен өзгеріп тұратын құбылыс.
Соңғы жылдары төмендеп жатса, бұған дейін көтеріліп, біраз уақыт бір деңгейде болған. Ендігі төмендеу құбылысы ертелі-кеш тоқтап, кейін қайта көтерілмек.
— Бұл процесті ғалымдар зерттеп жүргенімен, нақты механизмі осыған байланысты деп ешкім айта алмайды. Бірақ 21 ғасырда Ресей тарапынан Еділ өзенінде қосымша бөгеттер салынып, су бұрынғыдан едәуір көп мөлшерде шаруашылық қажеттіліктерге алынуда. Ал Еділ өзені Каспийге құйылатын судың 80% қамтамасыз етіп отыр. Осы проблеманы шешу үшін Каспий маңындағы 5 мемлекет өкілдері саяси шешім арқылы келісімге келуі керек, — дейді эколог.
ҚР Экология және табиғи ресурстар министрлігі баспасөз қызметінің хабарлауынша, елімізде Каспий теңізі ғылыми-зерттеу институты құрылып, осы ведомствоның қарамағына берілген.
Институт Ақтау қаласында орналасады.
— Экология және табиғи ресурстар министрлігі «Қазақстан Республикасы Үкіметінің кейбір шешімдеріне өзгерістер енгізу туралы» Үкімет қаулысының жобасын әзірледі. Қаулы жобасымен Су ресурстары және ирригация министрлігінен Экология және табиғи ресурстар министрлігіне функцияларды беру, Каспий теңізі ғылыми зерттеу институтының жарғылық капиталын қалыптастыру қамтамасыз етіледі. Қазіргі уақытта қаулы жобасы мүдделі мемлекеттік органдармен келісу рәсімінен өтіп жатыр. Институт — Каспий теңізінің қазақстандық секторында табиғи ресурстарды сақтау және олардың өсімін молайту үшін қоршаған ортаға мониторинг және ғылыми-зерттеу жұмыстарын жүргізеді. Сондай-ақ, Каспий теңізі маңындағы мемлекеттердің ғылыми-зеттеу институттары мен ұйымдарының ынтымақтастығын нығайту мақсатында құрылды, — делінген хабарламада.
Оқи отырыңыз: Қазанда есірткіге қатысты 54 қылмыс тіркелген