Биыл күріш пен мақта алқаптары қысқарады

13.05.2025 18:23

Суға жауапты министр Нұржан Нұржігітов «өңірде суармалы егістікте су тапшылығы болуы мүмкін» деп отыр

Үкімет биыл күріш пен мақта алқаптарын 41 мың гектарға қысқартпақ. Өйткені агроөнеркәсіптік кешенді дамытудың 2030 жылға дейінгі тұжырымдамасында ылғалды көптеп қажет ететін өсімдіктерді азайтып, оның орнына өзге дақылдардың түрін көбейту туралы жазылған, деп хабарлайды Almaty.tv тілшісі.

Су ресурстары министрінің айтуынша, Қызылорда, Түркістан, Алматы және Жетісу облыстарында күріш алқабы 10 мың гектарға қысқарса, Түркістан облысында мақта егістігі 31 мың гектарға азаймақ.

Мамыр айында еліміздің басым бөлігінде күн қатты ысиды. Тіпті бірқатар облыста құрғақшылық болуы мүмкін. Үкіметте сөз алған Экология министрі Ерлан Нысанбаев ауа райына қатысты болжамын айтып, егін егу мерзімін жылдағыдан ертерек бастау керек екенін айтты.

«Мамырда Қостанай облысының оңтүстігінде, Батыс Қазақстан және Маңғыстау облыстарының оңтүстік-батыс жартысында Алматы және Жамбыл облыстарының солтүстігінде, Қарағанды облысының оңтүстігінде, сондай-ақ Ақтөбе, Атырау, Абай және Түркістан облыстарының жекелеген аудандарында құрғақшылық болуы мүмкін», – деді ҚР Экология және табиғи ресурстар министрі Ерлан Нысанбаев.

Биылғы жаз оңтүстіктің диқандары үшін сынаққа толы болатын сыңайлы. Суға жауапты министр Нұржан Нұржігітов «өңірде суармалы егістікте су тапшылығы болуы мүмкін» деп отыр. Өйткені көктемде күн жылы болып, өсімдіктер жылдағыдан 20 күнге ерте өсіпті. Сәйкесінше, топырақта ылғал азайған. Енді егістікке қосымша тіршілік нәрі қажет болады.

«Бұл фактор оңтүстік өңірлерде су шаруашылығы жағдайына айтарлықтай әсер етті. Топырақтың үстіңгі қабатындағы ылғалдың аз болуына байланысты егістіктердің вегетацияның бастапқы кезеңіндегі суға қажеттілігі орта есеппен 50 пайызға артып отыр. Бұл суармалы көздер қосымша жүктеме түсіріп, алдағы айларда су тапшылығы қаупін күшейтіп отыр», – деді ҚР Су ресурстары және ирригация министрі Нұржан Нұржігітов.

Қос министр көктемгі дала жұмыстары кезінде тап болатын проблеманы жіпке тізсе, Ауыл шаруашылығы министрі Айдарбек Сапаров Премьер-министрге егіс алқабының көлемін 23,7 миллион гектарға жеткіземіз деп есеп берді. Бұл өткен жылмен салыстырғанда 413 мың гектарға көп көрінеді. Сондай-ақ ведомство басшысы Мемлекет басшысының тапсырмасына сәйкес ауыл шаруашылығы дақылдарын әртараптандыру бойынша біраз шаруа атқарыпты.

«Екі жыл ішінде бидай алқабы 750 мың гектарға қысқарды. Азықтық және майлы дақылдар алқаптары биыл 3,3 миллион гектар, күнбағыс алқабы алғаш рет 1,4 миллион гектарды құрайды. Дәнді және бұршақ дақылдарын 16,6 миллион гектарға орналастыру жоспарлануда. Мақта алаңы 135 мың гектар болмақ, оның ішінде дәстүрлі әдіспен өсірілетін алаң 21,4 мың гектарға қысқарып, 85 мың гектарды құрайды», – деді ҚР Ауыл шаруашылығы министрі Айдарбек Сапаров.

Өз кезегінде Энергетика министрі Ерлан Ақкенженов егіс науқанына 401 мың тонна арзандатылған дизель отыны бөлінгенін жеткізді. Шаруалар үшін бағасы литріне 254 теңге болмақ. Оның сөзінше, баға нарықтан 20 пайызға арзан.

«Ақпан-сәуір айларында көктемгі дала жұмыстарына 215 мың тонна немесе дизель отыны жалпы көлемінің 54 пайызы жөнелтілді. Ауыл шаруашылығы тауарын өндірушілерді дизель отынымен уақытылы қамтамасыз ету үшін жеткізушімен мұнай өнімдерін сатып алу-сату шартын жасалған сәттен бастап 10 жұмыс күнінің ішінде дизель отынының бөлінген көлемі үшін төлемді жеделдетуі қажет», – деді ҚР Энергетика министрі Ерлан Ақкенженов.

Әр министрдің есебін жеке-жеке тыңдаған Үкімет басшысы Олжас Бектенов егіс науқаны белгіленген мерзімде аяқталуы керек деді. Шаруаларға жеңілдетілген жанар-жағармайды жеткізу кезінде алыпсатарларды араластырмауды және қолдан тапшылық жасамауды тапсырды. Сондай-ақ Мемлекет басшысының тапсырмасы бойынша көктемгі егіс және егін жинау жұмыстарына бөлінген миллиардтар отандық нарықты сапалы өніммен қамтамасыз етіп отырған өндірушілерге берілуі тиіс екенін еске салып, сөзін аяқтады.

Аршат Әділжанқызы, Нұрлан Өтеген, Әлихан Өтеген, Астана

Оқи отырыңыз: Қызылорда облысында ұнтақ өндіретін зауыт іске қосылды