Биыл Қызылорда қаласы ыстық су жүйесіне қосылады

23.09.2024 21:41

2026 жылы қаланы толықтай ыстық сумен қамту аяқталады деп жоспарланған

Елімізде ыстық су жүйесіне қосылмаған екі облыс орталығы болса, соның бірі – Қызылорда қаласы, деп хабарлайды Almaty.tv тілшісі.

Биыл Сыр өңірінде осы олқылықтың орны толмақ. Келер жылдың ақпанына дейін облыс орталығында 187 көпқабатты тұрғын үй орталықтандырылған ыстық су жүйесіне қосылмақ. Желілерді жүргізу жұмыстары ақысыз  мердігер мекеме тарапынан жүзеге асырылып жатыр. Ең бастысы жұртшылық бұрынғыдай су ысытқыш құралдарды сатып алып, көл-көсір шығынға ұшырамайды. Электр энергиясына айтарлықтай үнемдейді.

Облыс орталығында 808 көпқабатты тұрғын үй бар. Оның ішінде 423 үйге республикалық бюджеттен қаражат бөлініп, биыл 187 үйге жұмыс жүргізіліп жатыр. Үш мердігер мекеме айналысып жатыр. Жұмыс 15 ақпанда толық аяқталмақ. Сондай-ақ  3-4 жылдың көлемінде салынған 157 жаңа үй ыстық суға қосылуға дайын. Оларға 15 қазаннан бастап су беріле бастайды, – деді Қызылорда Жылу электр орталығының бөлім басшысы Хасанғали Иманғалиев.

2026 жылы қаланы толықтай ыстық сумен қамту аяқталады деп жоспарланған. Дегенмен тиісті талаптарға сай келмейтін, техникалық құжаттары жоқ көпқабатты үйлер де кездеседі.

184 тұрғын үйдің техникалық құжаты жоқ, – деді Қызылорда Жылу электр орталығының бөлім басшысы Хасанғали Иманғалиев.

Өңірде жылу беру маусымына дайындық қыза түскен. Шаһарда құбырлардың 44,6 пайызы тозған. Биыл 9,5 шақырым жылу желісі жаңғыртылады.

 Ақаулар болып жатса, 1 қазанға дейін бітіріп, сол күннен бастап 100 пайызға дайын болуымыз қажет. Облыс әкімінің көмегінің арқасында республикалық және облыстық бюджеттен қыруар қаржы бөлініп, құбырдың екеуі жұмыс істеп тұр. Біреуіне Ресейде күрделі жөндеу жұмыс жүргізіліп жатыр. Облыстық бюджеттен 700 млн қаржы бөлінді, – деді Қызылорда Жылу электр орталығының директоры Дінмұхаммед Исламов.

Қалада құбырларды ауыстыру, жөндеу жұмыстары аяқталуға жақын. Қысқа дайындық мәселесі облыстық штабтың тұрақты бақылауында болмақ.

Асқар Сәрсенұлы, Т.Әділбекұлы, Қызылорда облысы

Оқи отырыңыз: Жасыл аула: Алматыда көгалдандыру науқаны басталды