Қаржылай көмек аз қамтылған және әлеуметтік осал отбасында тәрбиеленіп жатқандарға оқуға қажетті заттарды сатып алуға жұмсалады
Биыл мектеп оқушыларына көмек көрсетуге 23 миллиард теңге бөлінеді. Бұл қаражаттың есебінен Оқу-ағарту министрлігі 450 мыңға жуық балаға қолдау білдіруді жоспарлап отыр. Қаржылай көмек аз қамтылған және әлеуметтік осал отбасында тәрбиеленіп жатқандарға оқуға қажетті заттарды сатып алуға жұмсалады, деп хабарлайды Almaty.tv тілшісі.
Жаңа оқу жылы қарсаңында 450 мыңнан астам оқушыға көмек көрсетіледі. Бұл мақсатқа қажетті қаражат жергілікті бюджет есебінен бөлінбек. Биыл бір балаға берілетін көмектің орташа мөлшері шамамен 51 мың теңгені құрайды. Бұл өткен жылмен салыстырғанда 10 пайызға артық. Дегенмен бұл сома барлық өңірде бірдей емес. Жауаптылардың айтуынша, кейбір облыстарда оқушыларға берілетін қаржы көлемі белгіленген көрсеткіштен жоғары.
«Жамбыл облысында 66.600 теңге, Павлодар облысында 62 мыңнан астам және Алматы қаласында 60 мың теңге. Көмек алу үшін ата-ана немесе заңды өкіл қажетті құжаттарды баласы оқитын білім беру ұйымына тапсырады. База арқылы тексеру жұмыстары жүргізіліп, әлеуметтік көмек тағайындалады», – деді ҚР Оқу-ағарту министрлігі Балалардың құқықтарын қорғау комитеті басқармасының бас сарапшысы Гүлзира Бозжігітова.
Астанада шамамен 12 мың оқушыға қаржылай қолдау көрсетіледі деп жоспарланып отыр. Қазірдің өзінде 5 мың өтініш қаралып жатыр екен. Сала мамандарының айтуынша, материалдық көмек алуға өтініш білдірушілер саны күтілгеннен көп болса, жергілікті билік тарапынан қаржыландыру көлемі ұлғайтылуы мүмкін.
«Бұл қаражатқа мектеп формасын, кеңсе тауарларын, сондай-ақ мектептің талаптарына сәйкес келетін аяқ киім сатып алу қажет. Көмек алатын адамдардың саны жалпы қамтуға байланысты болады. Барлығы заңды өкілдердің қанша өтініш беретініне байланысты», – деді Білім басқармасы экономика және жоспарлау бөлімінің маманы Әйгерім Ибрагимова.
Ел тұрғындары көмекті қолдап отыр. Онығ айтуынша, бір баланы мектепке дайындаудың өзі қомақты қаржыны талап етеді.
«Қазіргі заманда балаларды киіндіріп, мектепке дайындауға өте көп қаражат керек. Балаларды дайындау үшін мектеп формасы, қажетті құралдарға көп ақшаға кетеді. Көп ата-ана үшін ауыртпашылық. Бір отбасында бір бала емес, мектепке баратын бірнеше бала болуы мүмкін», – деді қала тұрғыны Ақбота Кенжеғали.
«Үлкен сыныптарға 100 мыңдай кететін шығар», – деді қала тұрғыны Жанерке Жеңісбекқызы
Айта кетейік, аталған көмекке өтініш қабылдау 30 қыркүйекке дейін жалғасады. Ол үшін ата-аналар білім беру органдарының кеңсесіне баруы керек. Қаражаттың тағайындалғаны туралы ақпарат 10 күн ішінде белгілі болады.
Мәди Бижан, Данияр Омар, Әлихан Өтеген, Астана
Оқи отырыңыз: Құжаттар қабылданбады: Атырауда ата-аналар мемлекеттен берілетін көмекті неге ала алмай отыр