Биыл Ұлттық домбыра күні тоғызыншы рет аталып өтеді

Ресми дерекке сәйкес, қазақтың күй қорында 10 мыңнан астам шығарма бар

Жаңалықтармен бөлісіңіз

Шілденің алғашқы жексенбісі – ұлттық рухтың үнін ұлықтайтын ерекше күн. Себебі дәл осы датада ел көлемінде «Ұлттық домбыра» күні аталып өтеді. Ол 2018 жылдан бері халқымыздың төл өнері мен бай рухани мұрасын насихаттайтын маңызды мәдени мерекеге айналды. Ал бүгінде қазақ даласында 10 мыңнан астам күй белгілі болса, домбыраның 20-дан астам түрі сақталған, деп хабарлайды Аlmaty.tv тілшісі.

Қос ішегінен қазақтың өткені мен бүгіні өрілген қара домбыра – ұлттың мәңгілік мұрасы. Сол ғасырлар қойнауынан жеткен қастерлі аспаптың тарихы 6 мың жылға жуықтайды деген ғылыми тұжырым бар. Оның көне үлгісінің Моңғолия аумағынан табылуы да осының айғағы. Ұлттық құндылықтың мәртебесін арттыру мақсатында 2018 жылы Қазақстанда Ұлттық домбыра күні бекітіліп, содан бері бұл мереке ел көлемінде кеңінен аталып келеді.

«Қазақ халқы зәулім архитектуралық үйлер салған жоқ. Біздің бабаларымыз том-том кітап жазып қалдырған жоқ. Оның есесіне көп ән-күй, жыр тастап кетті. Бірақ оны, зәулім үйді қиратуға болады, кітапты өртеп жіберуге болады. Ал халықтың жадында тұрған асыл мұраны өшіру өте қиын», – деді  «Құрмет» орденінің иегері Абдулхамит Ысқақұлы.

Ресми дерекке сәйкес, қазір қазақтың күй қорында 10 мыңнан астам шығарма бар. Сол мұраны Құрманғазы, Тәттімбет, Дәулеткерей бастаған дәулескер күйшілер байытып, қазақ музыка өнерінің биік белесіне айналдырды. Ал ұлттық аспаптың 20-ға жуық түрі сақталған.

«Абайдың мерейтойын өткізіп жатырмыз. Неге Абайдың домбырасын насихаттамаймыз?. Ахмет Байтұрсынұлының күйі табылып жатыр, Махамбеттің күйлері бар. Қай бір ақын, жыршылар, батырларды айтыңыздар, сол дәуірмен байланысты күйлер бар. Әр аймақ өзінің күйлерімен қатар, домбыра үлгілерін де ұлттық домбыра күні аясында насихаттаса деген тілегім бар», – деді Қазақстанның еңбек сіңірген қайраткері Ержан Жәмеңкеев.

Домбыра еліміздің басты мәдени брендіне айналды. Қос ішекті қастерлі аспап мектептерде пән ретінде енгізіліп, өнерпаздар оның үні арқылы халықаралық байқауларда ел абыройын асқақтатып жүр. Ал өңірлерде ұйымдастырылатын ауқымды шаралар ұлттық мұраның мерейін үстем ете түсуде.

«Домбыра – Қазақстанның төлқұжаты, паспорты деуге толық негіз бар. Домбыраның танымал болуына әртүрлі халықаралық фестиваль, конкурстардың өтуі, ұлттық домбыра күнінің пайда болуы жастардың арасында қызығушылықты арттыра түсті», – деді Қазақстанның халық әртісі Айгүл Үлкенбаева.

Сонымен қатар қазақтың күй өнері 2014 жылы ЮНЕСКО-ның адамзаттың материалдық емес мәдени мұралар тізіміне еніп, ұлттық өнердің халықаралық деңгейдегі мәртебесін айқындады. Ал биыл Ұлттық домбыра күні тоғызыншы рет аталып өтіп, қастерлі мұраны ұлықтайтын игі дәстүр өз жалғасын таппақ.

Мәди Мәлік. Мейрам Исабеков

Оқи отырыңыз: Домбыра ұлтымызды әлемге танытатын бірегей брендке айналуы керек - Мемлекет басшысы