Бізге халық алдындағы жауапкершілігін жақсы білетін әрі соны терең түсінетін ұлттық буржуазия керек – Тоқаев

05.01.2026 11:28
Depositphotos

Қазақстанда бизнес тек экономикалық табыс көзі емес, сонымен қатар қоғам игілігіне қызмет етудің маңызды жолы. Елдің ұлттық буржуазиясы халық алдындағы жауапкершілікті сезіне білуі керек, өйткені халықсыз табысқа жету мүмкін емес. Мемлекет кәсіпкерлердің қоғам алдындағы мәртебесін көтеру арқылы олардың әлеуметтік жауапкершілігін арттыруға бағытталған нақты шаралар қабылдауда, деп хабарлайды Аlmaty.tv Ақорданың баспасөз қызметіне сілтеме жасап.

– Жаңа ғана сөз болған қайырымдылық туралы, отаншылдықты жасампаз іспен көрсету жөнінде сөйлестік. Бізге халық алдындағы жауапкершілігін жақсы білетін әрі соны терең түсінетін ұлттық буржуазия керек.

Себебі, халық болмаса, олар ешқашан табысқа жете алмас еді. Мен қоғамның игілігіне қызмет ету билік жүктеген міндет емес, мәртебелі парыз екенін тағы да олардың есіне салдым. Осы орайда, шетелде табысқа жетсе де, туған жерін ұмытпай, халқына көмектесіп жүрген ірі кәсіпкерлерді жақсы үлгі ретінде атап өттім. Ондай азаматтар ауқымды жобаларды жүзеге асырып жүр. Қалаларда инфрақұрылым салып, жөндеп, мұражайлардың, емханалар мен мектептердің құрылысын қаржыландырып жатыр. 

Қазақстанда көп нәрсе өзгерді. Қоғамдық сана жаңғыра түсті, мемлекеттік басқару жүйесі жаңарды, саяси қайраткерлер ауысты. Ірі кәсіпкерлер ғана жүрісінен жаңылмай, бәз-баяғы қалпында келе жатыр. Бірақ, бұл, бір жағынан, биліктің бизнеске көзқарасы дұрыс екенін көрсетеді.

Кәсіпкерлердің бәрі бірдей мемлекеттің қолдауын дұрыс түсіне бермейді, әрдайым солай болуға тиіс деп қабылдайды. 

Олар ауқымды жобаларды бастап алып, қит етсе Үкіметтен көмек сұрайды. Мен оларға «бизнеспен айналысып жатқан сіздер ме, әлде Үкімет пе?» деп сұрақ қойдым.  

Қитұрқы саяси ойындармен әуестеніп кеткен кейбір кәсіпкерлерді сынауға тура келді. Бизнесмендер ел экономикасын өркендету үшін жұмыс істеуі керек. Тіпті, кәсіптің жілігін шағып, майын ішкен Илон Масктің өзі саясатқа белсенді араласпау туралы шешім қабылдады. 

Отандық бизнес өкілдері тарихымызда бұрын-соңды болмаған алапат тасқын кезінде елдік істен шет қалған жоқ, апат салдарын жоюға қаржылай көмек көрсетті. Бұл – қуанарлық жағдай. 

Мен қайырымдылықпен айналысып жүрген азаматтарды қолдау үшін арнайы «Мейірім» орденін енгіздім. Елге жанашырлық көрсетіп, әлеуметтік жауапкершілік танытқан кәсіпкерлер биылдан бастап осы жоғары наградаға ие болады. Осылайша, олардың қоғам алдындағы абырой-беделі мен мәртебесі айқындалады.  

Қазақстандағы кәсіпкерлердің қайырымдылығы – қоғам мен мемлекеттің арасындағы өзара сенімділіктің кепілі. «Мейірім» ордені сияқты шаралар арқылы елде әлеуметтік жауапкершілік пен отаншылдықты қолдайтын орта қалыптасуда. Бизнес пен қоғам арасындағы үйлесім Қазақстанның экономикалық және әлеуметтік дамуына айрықша серпін береді.

Оқи отырыңыз: Қазақстан жаңғырудың жаңа кезеңіне қадам басты - Қасым-Жомарт Тоқаев