Аударылған ақша кейін қолма-қол ақшаға айналдырылған
Батыс Қазақстан облысында агроөнеркәсіп кешенін дамытуға арналған бюджет қаражатын жымқыру дерегі анықталды, деп хабарлайды Almaty.tv.
Тергеу мәліметінше, су үнемдейтін суару жүйелерін салуға жұмсалған шығындарды өтеу үшін жалған құжаттар ұсынылып, 251 млн теңге көлемінде инвестициялық субсидия алынған. Бұл туралы Қаржылық мониторинг агенттігінің облыстық департаменті хабарлады.
Субсидия алу үшін жалған құжаттар ұсынылған
Тергеу деректеріне сәйкес, күдікті өз бақылауындағы екі бірдей жауапкершілігі шектеулі серіктесі арқылы уәкілетті органға құжаттар тапсырған.
Құжаттарда Жәнібек ауданының Күйгенкөл ауылдық округінде су үнемдейтін суару жүйелерін салуға жұмсалған шығындар көрсетілген.
Алайда шығындарды растау үшін жалған төлем тапсырмалары мен орындалған жұмыс актілері ұсынылған.
Осы құжаттардың негізінде серіктестіктердің есепшоттарына жалпы сомасы 251 млн теңге инвестициялық субсидия аударылған.
Қаражат қолма-қол ақшаға айналдырған
Тергеу мәліметінше, аударылған ақша кейін қолма-қол ақшаға айналдырылған. Оның бір бөлігіне тұрғын үй сатып алынған.
Соттың рұқсатымен аталған мүлікке тыйым салынды. Қазіргі уақытта тергеу жалғасып жатыр.
Қылмыстық-процестік кодекстің 201-бабына сәйкес, тергеудің өзге мәліметтері жария етілмейді.
Оқи отырыңыз «Balazhan» платформасы балаларға уақтылы қолдау көрсетуге мүмкіндік береді