БҚО-да бала сүйе алмай жүрген отбасылар саны көбейді

12.10.2026 19:57

Бедеулік салдарынан бала асырап алуға ниеттілер де көбейіп келеді

БҚО-да бала сүйе алмай жүрген жас отбасылардың саны артып келеді. Ресми деректерге сүйенсек, бүгінде өңірде бедеулікке тап болған отбасылардың саны 500-ден асады, деп хабарлайды Almaty.tv тілшісі.

Ресми деректерге сәйкес, елімізде жүздеген мың жұп балалы бола алмай жүр. Оның негізгі себептері – жыныстық жолмен берілетін инфекциялар, түсік жасату, эндокриндік ауытқулар және ұрпақ өрбіту қабілетін төмендетуі мүмкін антидепрессанттарды қабылдау.

Ал БҚО-да бедеулікке тап болған 500-ден астам ерлі-зайыпты бар.

БЛИЦ:

«Бұл – өзекті мәселе. Көптеген әйелдерге жаным ашиды. Өйткені баласыз өмір — өмір емес. Бұл мәселе үкіметтің басты назарында болуы керек».

«Жасы 30-ға келсе де, баласы жоқ отбасылар бар. Бұрын бәрі оңай еді. Қазір дәрігерлерге де байланысты. Меніңше, бәрі жақсы болады деп өзіңе сену керек».

Мамандардың айтуынша, 25 жасқа дейінгі ерлер мен әйелдер жылына кемінде бір рет дәрігерлердің тексеруінен өтуі керек. Ұрпақ сүйе алмай жүрген әрбір үшінші жұпқа тек экстракорпоралды ұрықтандыру ғана көмектесе алады.

«БҚО-да 238 квотаның 122-сін игеріп үлгердік. 115 жұптың 54-і хирургиялық емге жіберілді. Оларға операциялар жасалады, жатыр түтіктері алынады немесе ер адамның репродуктивті денсаулығына байланысты ем жүргізіледі. Қазір 46 жұпта оң нәтиже тіркелді. Ал шамамен 12 пайызында нәтиже теріс болды», – деді Орал облысының штаттан тыс репродуктологы Зухра Хасанова.

Бедеулік салдарынан бала асырап алуға ниеттілер де көбейіп келеді. Одан бөлек, дәрігерлердің кәсіби көмегіне жүгінетіндердің саны да артқан. Өйткені қазір диагностикадан өту әлдеқайда қолжетімді.

Айта кетейік, бүгінге дейін елімізде экстракорпоралды ұрықтандыру әдісінің көмегімен 39 мың бала дүниеге келген.

Алина Серегина, Дамир Исмагулов, БҚО

Оқи отырыңыз: Алматыда ерекше балаларға арналған жаңа мектеп-интернат филиалы ашылды

Толық көрсету