БҚО-да инсультпен ауыратын жастар қатары артып келеді

09.02.2026 21:48

Былтыр Қазақстан бойынша инсульт диагнозымен 53 мыңнан астам адам ауруханаға жатқызылған

БҚО-да инсультпен ауыратындар қатары артып келеді. Дәрігерлердің айтуынша, дертке шалдыққандардың басым бөлігі – жастар, деп хабарлайды Almaty.tv тілшісі.

Қазір Николай Гребенщиковтің көңіл-күйі тамаша, сырқат бой алдырмағандай күлімдеп, жанындағылармен еркін тілдесіп отыр. Ал бір апта бұрын оның бір қолы мен аяғы қозғалмай, беті қисайып, сөйлей алмай қалған. Жедел түрде ауруханаға жеткізілген азаматқа ақ халаттылар қажетті медициналық көмек көрсеткен.

«Сөйлеуім баяулап, қимыл-қозғалысым нашарлады. Қазір жағдайым жақсы. Ең бастысы – мойымау, жақсыға үміт арту және көбірек қозғалу», – деді Орал қаласының тұрғыны Николай Гребенщиков.

Бөлімшеде аталмыш диагнозбен ондаған науқас ем қабылдап жатыр. Алаңдатарлығы, олардың басым бөлігі 50 жасқа толмағандар. Дәрігерлердің айтуынша, емделушілердің үштен бірі еңбекке қабілетті азаматтар. Инсульт әсіресе ер адамдар арасында жиілеген. Мамандар мұны күйзеліс, ұйқының бұзылуы және қимылдың аздығымен байланыстырады. Бұл ретте дәрігерлер «төрт сағат ережесін» ерекше атап өтеді. Дәл осы аралықта көмек көрсетілсе, адам өмірін сақтап қалуға мүмкіндік бар. Инсульт орталығында былтыр 2200-ден аса адам аяққа тұрған. Дегенмен, науқастар саны 26 пайыз артқан.

«Инсульттің жасаруы ағза өзгерісінен емес, өмір салтына байланысты. Аз қимылдау, семіздік, күйзеліс, шаршау, ұйқысыздық, зиянды әдеттер мен энергетикалық сусындар – бәрі өз әсерін береді. Мәселен 22 жастағы бойжеткен инсультпен түсті. Арасында күнде энергетик ішетін жас жігіттер де бар», – деді қалалық Көпсалалы ауруханасы нейроинсульт бөлімшесінің меңгерушісі Әсел Кәкімова.

Былтыр Қазақстан бойынша инсульт диагнозымен 53 мыңнан астам адам ауруханаға жатқызылған. Мамандар қарапайым белгілерді есте сақтауға кеңес береді. Егер адам күле алмаса, екі қолын бірдей көтере алмаса немесе сөздерді анық айтпаса, дереу жедел жәрдем шақыру қажет. Мұндай сәтте әр минут маңызды.

Олжас Омарбек, Дамир Исмагулов, Мақсат Күнібек

Оқи отырыңыз: Топырақ көшкіні: Бесағаш ауылында бірнеше отбасы қауіпсіз жерге көшірілді