БҚО-да наркологиялық есепте тұрғандар саны 700-ден асты

12.02.2026 20:42

Өңірдегі оңалту орталығында бүгінде 60 адам ем қабылдап жатыр

Батыс Қазақстанда есірткіге әуестенгендер көбейіп, наркологиялық есепте тұрғандар саны 700-ден асты. Қынжылтатыны – бұл тізім ай сайын ұлғайып келеді. Мамандардың айтуынша, мұндай құмарлық «бір рет байқап көруден» басталып, соңы қайғылы жағдайларға ұласады, деп хабарлайды Аlmaty.tv тілшісі.

Ирина Белова он жылдан бері есірткіге тәуелділіктен арыла алмай жүр. Осы уақыт аралығында оның шаңырағы шайқалып, жұмысынан айырылған. Бүгінде ол қателігін түсініп, балалары мен ата-анасы үшін жаңа өмір бастауға бел буып отыр.

«Есірткінің құрсауына қалай түсіп қалғаныңды аңғармай да қаласың, ал одан шығу өте қиын. Шынында, бұл шырмаудан құтылатындар аз. Оның бірден-бір жолы – ем қабылдап, дұрыс жолға түсу. Мен осы жолды таңдадым», – деді Орал қаласының тұрғыны Ирина Белова.

Өңірдегі оңалту орталығында бүгінде 60 адам ем қабылдап жатыр. Мамандардың айтуынша, наркологиялық көмекке жүгінетіндердің 90 пайызы мұнда өз еркімен келеді. Науқастардың басым бөлігі – 25 пен 42 жас аралығындағылар. Олар емнің алғашқы кезеңінен өтіп, ағзасын толық тазартады.

 «Есірткінің ауыр түрлеріне байланғандарды алдымен физикалық тәуелділіктен арылтамыз. Ал синтетикалық есірткі қолданғанда психоздық бұзылыстар туындайды. Яғни, адам өз-өзін ұстай алмай қалады. Сондықтан синтетикалық зиянды заттарға тәуелділікті емдеу әлдеқайда күрделі. Оның үстіне, қазір емге бірден келетіндер аз», – деді БҚО Психикалық денсаулық орталығы наркологиялық бөлімінің меңгерушісі Алтынай Ғұмарова.

Статистикаға сәйкес, есірткіге тәуелді адамдар артық доза пайдаланбаса, орта есеппен 15 жыл ғана өмір сүреді.

Айта кетейік, өткен жылы облыс аумағында зиянды заттың заңсыз айналымына қатысты 280 адам қылмыстық жауапкершілікке тартылып, құрықталған.

Мәди Мәлік. Дамир Смағұлов, БҚО

Оқи отырыңыз: Жәндіктер өріп жүр: Қарағанды облысында ауруханада тарақан қосылған түскі ас берген