БҚО-да соғыс кезінде қолданған мырыш бөшкелері мен бомбалар табылды

12.09.2025 16:46

Сарапшылардың айтуынша, бұл –  сол уақытта Батыс өңірі Сталинградтың майдан тылы болғанына бірден-бір дәлел

Батыс Қазақстан өңірінен әлі күнге дейін Отан соғысы кезінде қолданылған мырыш бөшкелер мен жарылмай қалған жау бомбалары табылып жатыр. Бұл жайында Астанада өткен халықаралық ғылыми-практикалық конференцияда мәлім болды, деп хабарлайды Almaty.tv.

Соғыс жылдары өңірден 80 мыңнан астам азамат майданға аттанса, олардың 34 мыңнан көбі жауынгерлік алаңда қаза тапқан. Әсіресе Сталинград шайқасының жеті айында Жәнібек, Сайқын және Шоңғай бекеттері неміс-фашист әуе күштерінің үздіксіз шабуылына, сондай-ақ жаудың барлау-диверсиялық топтарының әрекеттеріне жиі ұшыраған. Конференцияға қатысушылар осы аудандарға «қаһарман өңір» мәртебесін беруді ұсынып, арнайы баяндама жасады.

«Тың деректерге келетін болсақ, Жәнібек өңірінен соғыс жылдарындағы Вермықты әскерінің пайдаланған 200 литрлік сыйымдылығы мырыш бөшкелер табылып жатыр. Сонымен қатар жарылмаған жау бомбалары, снярадттары бар. Оларды арнайы сапёрлар шақырып, жару жұмыстарын ұйымдастырып жатыр. Бұл –  сол уақытта Батыс өңірі Сталинградтың майдан тылы болғанына бірден-бір дәлел», – деді М. Мәметова атындағы мемориалдық мұражайының  меңгерушісі Ахмедияр Батырханов.

Конференцияның негізгі мақсаты – Сталинград шайқасында Батыс Қазақстан өңірінің майдан тылы ретінде атқарған тарихи рөлін жан-жақты ашып көрсету. Жиында өңір халқының ерлігі, еңбек майданындағы табандылығы және жауды жеңудегі нақты үлесі жайлы деректер келтірілді. Басқосуға қазақстандық ғалымдар, Парламент депутаттары, сондай-ақ халық қаһармандары мен ардагерлер қатысты.

«Президент Жолдауында тарихтағы зерттелмеген бағыттар барын айтты. Соның бірі –  Отын соғысындағы Қазақстанның орнын зерттеп, зерделеп жатқан тарихшылар көп», – деді ҚР Ұлттық қорғаныс университетінің бастығы Асқар Мұстабеков.

Оқи отырыңыз: Ауыл жастарына мемлекеттік бағдарламаларға қасыту үшін бағыт-бағдар беру керек - Дәурен Рахымбек