«Жеңімпаз ұлт»: балалар өмірі үшін күрескен дәрігер

02.10.2026 21:32

Орталықта жылына шамамен 40 трансплантация жасалады

Онкологиялық дертпен күресте жыл өткен сайын жаңа мүмкіндіктер пайда болып келеді, деп хабарлайды Almaty.tv.

Диагностика мен емдеу тәсілдері жетіліп, кеше ғана қолжетімсіз көрінген технологиялар бүгінде адам өмірін сақтауға қызмет етіп отыр. Алайда бұл саланың ең күрделі бағыттарының бірі – балалар онкологиясы. Мұнда дәрігерлер кішкентай науқастарды емдеп қана қоймай, оларға дертін дұрыс түсінуге, күрделі емдеу кезеңінен өтуге және үмітін үзбеуге көмектеседі.

Бүгінгі «Жеңімпаз ұлт» айдарының кейіпкері – балалар онкологі, гематолог Ерғали Сәрсекбаев. Ол көп жылдан бері балалар онкологиясы мен гематологиясы саласында еңбек етіп, трансплантация бағытында жұмыс істеп келеді.

Дәрігердің алдында кейде санаулы сағат қана болады. Мұндай сәтте әр секунд маңызды. Ал кейде керісінше, асықпай, әр симптомды мұқият зерттеп, емнің әр қадамын дәл белгілеу қажет. Балалар онкологиясында дәрігердің міндеті мұнымен де шектелмейді. Өйткені науқас – дерттің мәнін толық түсіне бермейтін бала. Оған ауыр диагнозды жүрегіне салмақ салмай жеткізу, ұзақ емге дайындау және ең бастысы, үмітін өшірмеу – дәрігер шеберлігінің тағы бір қыры.

Кейде адам өміріндегі ең маңызды шешімдер ауыр оқиғадан кейін қабылданады. Ерғали Сәрсекбаев бала кезінде жақын адамының қатерлі ісіктен көз жұмғанын көрген. Сол оқиға оның жадында қалып, жылдар өте медицинаның ең күрделі бағыттарының бірін таңдауына себеп болған. Бүгінде ол балалар онкологиясы мен гематологиясы саласында еңбек етіп, трансплантация жасап, бүлдіршіндердің өмірі үшін күресіп жүр. Ерғали Сәрсекбаев – Алматыдағы Педиатрия және балалар хирургиясы ғылыми орталығының балалар онкологі, гематолог.

– Жас кезімде тәтем онкологиялық ауруға шалдықты. Өкінішке қарай, ем жақсы нәтиже берген жоқ. Сондықтан медицинаны таңдадым. Ересек адамға емдеу тәртібін, қандай дәрі қабылдау және не істеу керектігін түсіндіруге болады. Ал балаларға түсіндіру қиын, өйткені әр баланың қабылдауы әртүрлі әрі жасына да байланысты. Сондықтан емнің нәтижесі ата-анаға да байланысты. Олар дәріні уақытылы беріп, баланың күтіміне дұрыс көңіл бөлсе, бұл емге оң әсер етеді, – деді балалар онкологі, гематолог Ерғали Сәрсекбаев.

Ерғали Сәрсекбаевтың еңбек жолы педиатриядан басталып, кейін балалар гематологиясы мен онкологиясына ұласты. 2012 жылдан бері ол гемопоэздік дің жасушаларын трансплантациялау бағытында еңбек етіп келеді. Бұл – медицинадағы күрделі әрі жоғары технологиялық ем түрлерінің бірі.

Елімізде мұндай медициналық көмек екі мекемеде көрсетіледі. Қазір трансплантация Қазақстанда жасалады. Бұған дейін сүйек кемігін ауыстыру үшін балалар мемлекеттік квота арқылы шетелдік клиникаларға жіберілетін. Ерғали Сәрсекбаев – осы бағыттың дамуына атсалысып жүрген мамандардың бірі.

Балалармен жұмыс істейтін дәрігерге кәсіби біліктіліктен бөлек, сабыр, төзім мен батылдық қажет. Әріптестері Ерғали Сәрсекбаевты осы қасиеттері үшін де құрметтейді.

– Ерғали Семғалиұлы осы орталықта резидент ретінде еңбек жолын бастады. Екі жылдық оқу барысында орталықтың барлық бөлімшесінде тәжірибеден өтіп, онкогематология бағытын таңдады. Балалармен де, ата-аналармен де жақсы тіл табысады. Өз ісінің шебері деуге болады, – деді Педиатрия және балалар хирургиясы ғылыми орталығы басқарма төрағасының орынбасары Ләззат Манжуова.

Орталықта жылына шамамен 40 трансплантация жасалады. Бір қарағанда бұл қарапайым статистика болып көрінуі мүмкін. Алайда әр санның артында бір баланың тағдыры мен бір отбасының үміті тұр. Медицинада технология қанша дамыса да, дәрігердің науқаспен тіл табыса білуінің орны бөлек.

– Бес балам қан тапсырды, бірақ сәйкес келмеді. Дәрігерлер сәйкестік деңгейі 70-80 пайыз екенін, ал 100 пайыз болуы керектігін айтты. Кейін баламызға Германиядан донор табылды. Донорды осы орталықтағы Ерғали Семғалиұлы тауып берді. 18 қыркүйекте трансплантация жасалды. Қазір баланың жағдайы жақсы, – деді науқастың анасы Жанар Алмағанбетова.

Ерғали Сәрсекбаев кәсіби білімін үнемі жетілдіріп келеді. Педиатриядан кейін гематология мен онкология бойынша қайта даярлықтан өтіп, трансплантация саласында арнайы тағылымдамадан өткен. Сондай-ақ халықаралық деңгейдегі мамандармен тәжірибе алмасып келеді.

Ерғали Сәрсекбаев үшін әр трансплантация – медициналық процедура ғана емес, баланың жаңа өмірге жасаған қадамы. Маманның айтуынша, емделген бүлдіршіннің ауруханадан шығып, қалыпты балалық өміріне қайта оралуынан асқан қуаныш жоқ.

Әйкерім Пернебек, Думан Дәулетбақұлы, Жайық Белқожаев, Almaty TV.

Толық көрсету