«Жылдың 10 оқырманы» жобасына миллионнан астам қазақстандық қатысуда

18.09.2026 12:30
Depositphotos

«Жылдың 10 оқырманы» республикалық жобасы басталғалы небәрі екі аптаның ішінде reading-nation.kz платформасына миллионнан астам қазақстандық тіркелді, деп хабарлайды Almaty.tv.

Мемлекет басшысы Қасым-Жомарт Тоқаевтың «Кітап оқу мәдениетін дамыту және зерделі ұлт қалыптастыру жөніндегі шаралар туралы» Жарлығына сәйкес қолға алынған жоба халықтың әртүрлі топтары арасында кітап оқу мәдениетін кеңінен насихаттауды көздейді.

ҚР Мәдениет және ақпарат министрі Арман Қырықбаев жобаның қоғамда зор қызығушылық тудырғанын атап өтіп, кітап оқу мәдениетін дамыту баршаға ортақ міндет екенін айтты. Министрдің сөзінше, небәрі екі аптаның ішінде платформаға бір миллионнан астам қазақстандық тіркелген. Бұл көрсеткіш жұртшылықтың бастамаға деген ықыласы айрықша екенін аңғартады.

Жоба 195 аудан мен 87 қаланы қамтиды. Оған оқушылар, студенттер, педагогтер, мемлекеттік қызметшілер, ғалымдар, жазушылар, журналистер және ниет білдірген кез келген азамат қатыса алады.

Қатысушылар алты ай ішінде 15 кітап оқуға тиіс. Келесі кезеңде олар зияткерлік сайыстарға қатысып, оқыған шығармалары бойынша білімін сынға салады.

Өңірлерде үздік нәтиже көрсеткен қатысушылар республикалық финалға жолдама алады. Жоба қорытындысы бойынша жылдың он үздік оқырманы анықталып, олардың әрқайсысына 23 сәуір – Ұлттық кітап күнінде 10 миллион теңге көлеміндегі арнайы сыйақы табысталады.

Толық көрсету