Бос уәде, бітпеген құрылыс: ШҚО-да 5 бірдей спорт кешені аяқсыз қалған

Қатон-Қарағай ауылындағы дене шынықтыру-сауықтыру кешенін жобалау осыдан 7 жыл бұрын басталған

Жаңалықтармен бөлісіңіз

Шығыс Қазақстан облысындағы 5 бірдей дене шынықтыру-сауықтыру кешенінің құрылысы тұралап тұр. Бұл нысандар ауылды жерлерде орналасқан. Барлық жобаны бір мердігер мекеме мойнына алып, шаруаны аяқсыз қалдырған көрінеді. Ал тұрғындарды құрылыс жалғаса ма деген сұрақ мазалап отыр, деп хабарлайды Аlmaty.tv тілшісі.    

Қатон-Қарағай ауылындағы дене шынықтыру-сауықтыру кешенін жобалау осыдан 7 жыл бұрын басталған. Оның аясында құрылыс жұмыстары 2021 жылы басталып, 2022 жылдың желтоқсанында азаматтарға пайдалануға берілуі тиіс еді. Алайда ашылу мерзімі бірнеше мәрте кейінге қалдырылыпты.

«2021 жылдың жобасы еді. Қазір мердігер компаниямен келісімшартты бұзу тиімсіз. Қалған жұмыстарға қайтадан сметалық құжаттама әзірлеп, түзетулер енгізу қажет болады. Барлық мақұлдаудан өтіп, қайтадан тексеріп, жаңа мердігерді табу да – үлкен шаруа. Оның үстіне, шығын көп кетеді», - деді Қатон-Қарағай аудандық құрылыс бөлімінің басшысы Қайрат Жүрсінов.

Ал жергілікті жастар әзірге ашық аспан астындағы алаңдарда шынығуға мәжбүр. Олардың айтуынша, одан басқа жарамды жер жоқ.

«Достарыммен күнде келіп спортпен шұғылданамыз, өйткені, басқа жер жоқ. Біз бұл жерді 5 жылдан бері күтіп жүрміз,», - дейді оқушы Мирас Ерікпаев.

Ал Үлкен Нарын ауылындағы жағдай бұдан да күрделі. Мұнда салынуы тиіс бассейннің қазір тек темір қаңқасы бар. Жауапты компания оны жылу панельдерімен енді ғана қаптай бастаған. Жергілікті жұрт мұның 4 жылда атқарылған шаруа екенін айтып налып отыр. 

«Біздің ауданда ерекше қажеттілігі бар бала көп. Қатон-Қарағайда да күтімге мұқтаж жеткіншектер аз емес. Ата-аналар оңалтудан өту үшін балаларын қаладағы бассейнге тасиды. Ондай кешенді неге өзімізде салмасқа?» - дейді Үлкен Нарын ауылының тұрғыны Марина Брикотнина.

Аймақта құрылысы тұралап тұрған мұндай 5 кешен бар. Ондағы шаруаның бәрін бір мердігер ұйым мойнына алған. Құрылыс басқармасы компанияның өзіне жүктелген міндетін атқара алмағанын мойындағанымен, бірнеше нысандағы жартылай бітпеген жұмысты соңына дейін жеткізуді соларға жүктепті.

«Бірнеше нысан бойынша келісімшарт біржақты бұзылды. Қазір жаңа мердігер компания іздестіріп жатырмыз. Құрылыс жұмыстарын аяқтау мерзімі олармен келісімшартқа отырғаннан кейін анықталады», - деді Құрылыс басқармасының бас маманы Арайлым Кенжеғұлова. 

Үлкен Нарын ауылында қазір жұмыстың үштен бір бөлігі ғана аяқталған, ал бюджеттен бөлінген 650 миллион теңгенің 220 млн теңгесі ғана қалыпты.

Мәди Мәлік, Гүлмарал Изатқызы, Руслан Мухамедьяров, "Алматы" телеарнасы, ШҚО

Оқи отырыңыз: Қабырғасы жарылып, шөге бастаған: Шымкентте жаңа мектеп жарамсыз күйге түскен

Новости партнеров