Боз кілемде мықтылар анықталды: Таразда қазақ күресінен ел чемпионаты өтті

03.04.2026 17:46

Жарыс барысында қатысушылар ұлттық спорттың озық үлгісін көрсетіп, жоғары дайындықтарын дәлелдеді

Polisia.kz

Жамбыл облысында ҚР ІІМ қызметкерлері арасында өткен қазақ күресінен Қазақстан чемпионаты жоғары деңгейде ұйымдастырылып, өз мәресіне жетті, - деп хабарлайды Almaty.tv. тілшісі Polisia.kz-ке сілтеме жасап.

Еліміздің әр өңірінен жиналған 300-ге жуық спортшы қызметкерлер қатысқан ауқымды додада балуандар өзара мықтыны анықтап қана қоймай, кәсіби шеберліктерін шыңдауға мүмкіндік алды.

Жарыс барысында қатысушылар ұлттық спорттың озық үлгісін көрсетіп, жоғары дайындықтарын дәлелдеді. Әр белдесу тартысты өтіп, жанкүйерлерге ерекше әсер сыйлады. Нәтижесінде боз кілемде қарсыластарына есе бермей, жауырынын жерге тигізбеген Жамбыл облысы полиция департаменті қызметкерлері жалпы командалық есепте жеңімпаз атанды. Ал екінші орын Қызылорда облысы полиция департаменті командасына бұйырса, ІІІ орынды Ақмола облысы полиция департаменті командасы иеленді.

Жеңімпаздар мен жүлдегерлер ҚР ІІМ Кубогімен, медальдар мен дипломдары және бағалы сыйлықтармен марапатталды. Айта кету керек, өңірде бүгін "Полиция барысы" республикалық турнирі жалғасуда.

Оқи отырыңыз: Қайтарылған активтер – балалар игілігіне: Шымкентте заманауи жатақхана ашылды