Бүгін – Дүниежүзілік тазалық күні

20.09.2025 12:35

«Таза Қазақстан» ұлттық жобасына былтырдан бері 10 млн-нан астам адам қатысып, 1 млн тоннадан астам қоқыс жиналды, 1,6 млн-нан астам ағаш отырғызылды

Алматы қаласы әкімдігінің баспасөз қызметі

Дүниежүзілік тазалық күні (World Cleanup day) жыл сайын қыркүйектің үшінші сенбісінде өтеді, деп хабарлайды Аlmaty.tv.

2023 жылы БҰҰ Бас Ассамблеясы 20 қыркүйекті ресми түрде халықаралық мереке ретінде бекіткен. Оның мақсаты – қоқысты бөлек жинау, қайта өңдеу, табиғатты қорғау және қоғамның экологиялық мәдениетін арттыру.

Бұл бастама 2008 жылы Эстонияда өткен «Let’s Do It!» акциясынан бастау алып, бүгінде әлемнің 190-нан астам елінде аталып өтеді. Жыл сайын миллиондаған адам бірігіп, қалалар мен табиғи аумақтарды қоқыстан тазартады.

Қазақстанда Мемлекет басшысының бастамасымен жүзеге асып жатқан «Таза Қазақстан» ұлттық жобасына былтырдан бері 10 млн-нан астам адам қатысып, 1 млн тоннадан астам қоқыс жиналды, 1,6 млн-нан астам ағаш отырғызылды. Елдің түкпір-түкпірінде экологиялық акциялар өтіп, мектептер мен қалаларда қоқысты бөлек жинау жүйесі енгізілуде.

Акцияның мақсаты –  аумақты қоқыстан тазарту бойынша іс-шаралар кешенін ұйымдастыру үшін Қазақстан Республикасының халқын біріктіру.

Қазақстанның Дүниежүзілік «World Cleanup day 2023» акциясына қатысуы Қазақстанды жаһандық әлемдік экологиялық акцияға қатысушы ретінде, «Жасыл» экономика қағидатын іске асыратын және 2030 тұрақты даму мақсаттарына қол жеткізуді іске асыратын ел ретінде танытуға мүмкіндік береді.

Дүниежүзілік тазалық күні – тек аумақты жинау шарасы емес, табиғатқа жанашырлық білдіретін, болашақ ұрпаққа таза әрі қауіпсіз орта қалдыру жолындағы ортақ жауапкершілік, бүкіл әлем бойынша миллиондаған адамды біріктіретін жаһандық бастама. Бұл күн барлық адамзатты болашақ ұрпақ үшін сау және таза планета құруға шақырады.

Дүниежүзілік тазалық күнінің идеясы – қоқыстарды, жағажайларды, саябақтарды, көшелерді және басқа да қоғамдық орындарды тазалау үшін бірге жұмыс істеу үшін мүмкіндігінше көп еріктілерді жинау. Бұл қала мен табиғи аумақтың сыртқы келбетін жақсарту ғана емес, сонымен қатар қоршаған ортаның ластану проблемалары туралы хабардар етудің бір жолы.

Дүниежүзілік тазалық күніне қатысу – табиғатқа деген жауапкершілік қана емес, жаһандық қоғамдастықпен ынтымақтасудың көрінісі. Біздің әрқайсымыздың бірлескен күш-жігеріміз оң өзгерістерге әкеліп, планетамызды барлық тірі заттар үшін таза және сау ете алады.

Әрқайсымыз ауламыз бен көшемізді тазалап, ағаштар мен бұталар отырғызу арқылы еліміздің тазалығына әрі гүлденуіне үлес қоса аламыз.

Дереккөз: БАҚ беттері

Оқи отырыңыз: Қала күні қарсаңында: Алматы тазалығына үлес қосып жүрген "көрінбейтін" батырлар еңбегі