Кеше Мемлекет басшысы да «Таза Қазақстан» акциясы аясында Астанадағы Президент саябағында ағаш отырғызды
Бүгін, 20 қыркүйекте Дүниежүзілік тазалық күні – World Cleanup Day аталып өтеді. Осыған орай кеше еліміздің барлық өңірінде «Таза Қазақстан» жалпыұлттық экологиялық бастамасы аясында ауқымды акция өтті, деп хабарлайды Almaty.tv.
Биылғы экологиялық шараға 513 мыңнан астам адам қатысты. Олардың қатарында 140 мыңнан астам мемлекеттік қызметкер мен 82 мың ерікті бар. Сондай-ақ сенбілікке мектеп оқушылары мен студенттер, жастар ұйымдары, кәсіпорындар, қоғамдық бірлестіктер және өңір тұрғындары атсалысты.
Акция барысында саябақтар мен қоғамдық орындар, орман алқаптары, өзен жағалаулары мен су қоймалары, қалалар мен ауылдардың шеткі аумақтары тазартылды. Нәтижесінде шамамен 6 мың гектар жер тазаланып, 12 мың тоннадан астам қалдық жиналды. Сонымен қатар 38 мыңнан астам ағаш пен бұта отырғызылды.
Президент «Таза Қазақстан» акциясына қатысты
Кеше Мемлекет басшысы Қасым-Жомарт Тоқаев та «Таза Қазақстан» республикалық экологиялық акциясына қатысып, жастар және экобелсенділермен бірге Астанадағы Президент саябағында ағаш отырғызды. Президент сондай-ақ экология мен тазалыққа жауапты мемлекеттік органдардың басшыларын тыңдады.
Мемлекет басшысы «Таза Қазақстан» бастамасының мәніне тоқталып, оның басты мақсатының бірі – қоғамда жоғары экологиялық мәдениет қалыптастыру екенін айтты.
«Бүгін бәріміз бірге осы саябақта тал егіп, ортақ парасатты іске атсалыстық. Бұл – ата-бабамыздан қалған өсиет. Ал жаңа Конституциямыз бойынша осы көзқарас пен іс-шаралар азаматтық міндет болып саналады. Сондықтан біз жаппай бір ел болып бастаған «Таза Қазақстан» жалпыұлттық жобасының қоғамдық және тарихи мәні айрықша. Біз экологиялық мәдениеті жоғары ел болуымыз керек», – деді Қасым-Жомарт Тоқаев.
«Таза Қазақстан» – күнделікті әдетке айналуы тиіс
2023 жылы БҰҰ Бас Ассамблеясы 20 қыркүйекті Дүниежүзілік тазалық күні деп жариялаған. Бұл күн қоршаған ортаның тазалығына назар аударуға, қоқысты сұрыптау мен қайта өңдеудің маңызын түсіндіруге және табиғатқа жауапкершілікпен қарауды насихаттауға бағытталған.
Қазақстанда World Cleanup Day «Таза Қазақстан» бастамасы аясындағы жүйелі экологиялық жұмыстардың бір бөлігіне айналды. Кеше өткен акция да тек аумақтарды тазалауға емес, қоршаған ортаға жауапкершілікпен қарау мәдениетін қалыптастыруға бағытталды.
Оқи отырыңыз: Президент: Табиғатты аялау – ұлтымыздың болмысында бар асыл қасиет