Бүгін – Дүниежүзілік телевизия күні

21.11.2026 10:33

Телевизия – қоғам өміріндегі маңызды ақпарат құралдарының бірі

Аlmaty.tv

21 қарашада әлемде Дүниежүзілік телевизия күні атап өтіледі. Бұл атаулы күн 1996 жылы Біріккен Ұлттар Ұйымы Бас Ассамблеясының шешімімен бекітілген. Оған сол жылы өткен алғашқы Дүниежүзілік телевизиялық форум негіз болған, деп хабарлайды Almaty.tv.

Телевизия – қоғам өміріндегі маңызды ақпарат құралдарының бірі. Ол көрерменді елде және әлемде болып жатқан жаңалықтармен жедел таныстырып қана қоймай, білім мен мәдениетті, өнерді насихаттауға да ықпал етеді. Сонымен қатар телеэфир қоғамдық диалог орнатып, өзекті мәселелерді ашық талқылауға мүмкіндік береді.

БҰҰ бұл күнді белгілеу арқылы бейбітшілік пен қауіпсіздік, экономикалық және әлеуметтік даму, мәдени алмасу мәселелеріне арналған телевизиялық бағдарламаларды қолдаудың маңызын атап өткен.

Қазақстанда телевизия саласы қалай дамып жатыр?

Ұлттық медиа қауымдастығының биылғы қыркүйекте жарияланған зерттеуіне сәйкес, Қазақстанда тіркелген отандық телеарналар саны 2023 жылы 219 болса, 2025 жылы 248-ге жеткен. Бұл телевизия нарығының кеңейіп, хабар тарату бағыттарының дамып келе жатқанын көрсетеді.

Зерттеу деректеріне сүйенсек, 2025 жылы еліміздің ірі қалаларында тұратын алты жастан асқан тұрғындардың 98,4 пайызы жыл ішінде кемінде бір рет теледидар көрген. Ал күн сайын теледидар қосатындар үлесі 37,3 пайызды құраған. Көрермендердің орташа көру уақыты тәулігіне 171 минут болған.

Сонымен бірге аудиторияның медианы тұтыну әдеті өзгеріп келеді. Көрермендер телевизиямен қатар онлайн-видео, әлеуметтік желілер мен стриминг платформаларын да пайдаланады. Телесигнал қабылдаудың ең кең тараған тәсілі – интернет-телевидение. Оның үлесі 2023 жылғы 34,1 пайыздан 2025 жылы 38,3 пайызға өскен.

«Almaty TV» телеарнасы: ширек ғасырдан астам тарих

Алматы қаласының тыныс-тіршілігін ақпараттандырып келе жатқан «Almaty TV» телеарнасы 1999 жылы құрылған. Алғашқы бағдарламалары 2000 жылғы 6 шілдеде эфирге шықты. Содан бері арна бірнеше кезеңнен өтіп, техникалық базасын жаңартып, хабар тарату аясын кеңейтті.

2017 жылы телеарнада ребрендинг жүргізіліп, жаңа студия павильоны пайдалануға берілді. Өндірістік жүйе жоғары айқындықтағы HD форматына көшірілді. 2019 жылы арнаның 20 жылдығы аталып өтіп, сол жылы «Тұмар» ұлттық телевизиялық сыйлығында «Үздік өңірлік арна» атанды. Пандемия кезінде мектеп оқушыларына арналған сабақтар да телеарна эфирінен көрсетілді.

2022 жылдан бері арнаның дамуында жаңа кезең басталды. Осы жылдары «Almaty» республикалық мәртебе алып, ребрендингтен өтті, Студиялық павильон жаңартылып, заманауи техникамен жабдықталды, жаңа сайты іске қосылды. Сонымен қатар арна YouTube платформасының бір «Алтын» және екі «Күміс» батырмасын иеленді. Бағдарламалық саясатта мемлекеттік тілдегі төл жобаларға басымдық беріліп, олардың үлесі артты.

Бүгінде «Almaty TV» телеарнасы ақпараттық және танымдық бағдарламалармен қатар, түрлі бағыттағы авторлық жобаларды ұсынып келеді. Арна ұжымы телевизия саласындағы еңбегі үшін бірнеше мәрте ұлттық марапаттарға ие болды. Мемлекет басшысы Қасым-Жомарт Тоқаев та телеарна ұжымының жұмысына жоғары баға берді.

«Бүгінде «Almaty» телеарнасы өз аудиториясы қалыптасқан республикалық медиақұрылымға айналды. Ұжым өзіне жүктелген міндетті абыроймен атқарып келеді. Сіздер алдағы уақытта да ел мүддесі үшін қызмет етіп, телевизия саласын заман талабына сай дамытуға үлес қоса бересіздер деп сенемін. Ұжымға толағай табыс және шығармашылық шабыт тілеймін», – делінген Мемлекет басшысының құттықтауында.

Оқи отырыңыз: Алматы құрамасы WorldSkills Kazakhstan 2026 республикалық чемпионатына аттанды

Толық көрсету