Ананы қорғау – мемлекеттің әлеуметтік саясатының басым бағыттарының бірі
Бүгін қазақстандықтар Аналар күнін атап өтеді, деп хабарлайды Almaty.tv тілшісі Kazinform-ға сілтеме жасап.
«Аналар кеңесі» – қоғамның тірегі
Мереке мамыр айының екінші жексенбісінде АҚШ, Канада, Германия, Италия, Түркия, Жапония, Бразилия және Аустралия сынды 20-дан астам мемлекетте тойланады. Қазақстанда да ана мәртебесін айқындайтын бұл күн ерекше мәнге ие.
Ананы қорғау – мемлекеттің әлеуметтік саясатының басым бағыттарының бірі. Өйткені ана – тек отбасының ұйытқысы емес, рухани құндылықтарды ұрпақ бойына сіңіретін негізгі тұлға.
Осы мақсатта Қазақстан халқы Ассамблеясының «Аналар кеңесі» жұмыс істейді. Қазіргі таңда оның республика бойынша 1713 бөлімшесі бар. Оның ішінде 17 облыстық, 56 қалалық, 159 аудандық және 1481 ауылдық бөлімше қызмет етеді. Кеңес құрамында 16 051 әйел бар.
Бұл құрылым отбасы институтын нығайтуға, жастар тәрбиесіне, ұлттық салт-дәстүр мен отбасылық құндылықтарды дәріптеуге үлес қосып келеді.
Ана саулығы мен демография
Дүниежүзілік денсаулық сақтау ұйымы ерте балалық шақты баланың дамуы үшін шешуші кезең деп бағалайды. Сондықтан ана болу тек отбасылық мәртебе емес, баланың денсаулығы мен психологиялық тұрақтылығына тікелей ықпал ететін маңызды миссия.
Қазақстандық қоғамдық даму институтының дерегінше, отбасында балалармен тұрақты бірге болатындардың 44,5%-ы – әйелдер, ал ерлердің үлесі – 25,6%. Бұл күнделікті күтім мен тәрбиеде ананың рөлі басым екенін көрсетеді.
Аналардың демографиялық маңызы да зор. Ұлттық статистика бюросының мәліметіне сәйкес, 2000-2025 жылдар аралығында Қазақстанда ана болудың орташа жасы 26-дан 29 жасқа дейін өскен.
Сонымен бірге туу көрсеткіші төмендеп келеді. Егер 2020 жылы жалпы туу коэффициенті 1000 адамға шаққанда 22,75 болса, өткен жылы 16,43-ке дейін азайған.
Дегенмен оң өзгерістер де бар. Соңғы бес жылда елімізде ана өлімі 35%-ға төмендеді. Сондай-ақ нәресте және перинаталдық өлім көрсеткіштері азайған.
Көрінбейтін ауыр жүк
Қазіргі қоғамда ана болу барған сайын күрделі әрі көпқырлы рөлге айналды. Дерек бойынша әйелдердің 95%-ы күн сайын үй шаруасына 1 сағаттан 6 сағатқа дейін және одан да көп уақыт жұмсайды.
Бір баласы бар отбасыларда балаларға күтім жасау міндеттері 50,7% жағдайда ата-аналар арасында бірлесіп атқарылады. Алайда 37,1% жағдайда бұл толықтай әйелдің мойнында. Ер адамдардың дербес үлесі небәрі – 1,6%. Ал төрт және одан көп баласы бар отбасыларда жүктеме әйелдерге 49,6%-ға дейін өседі.
Бұл - тек тұрмыстық мәселе емес. Әйелдердің 26,8%-ы баласы бар адамға жұмыс табу оңай емес екенін айтқан. 27,3%-ы бала мансаптық өсуге кедергі келтіреді деп санайды. 24,3%-ы кәсіби дамуда қиындық туындайтынын айтқан. Сонымен бірге әйелдердің 27%-ы бала күтімімен жұмысты қатар алып жүре алмағандықтан қызметінен кетуге мәжбүр болған. Ерлер арасында бұл көрсеткіш – 11%.
Мемлекеттік қолдау
2024 жылғы ұлттық баяндамаға сәйкес, қазақстандықтардың басым бөлігі аналарға арналған мемлекеттік қолдау шаралары туралы хабардар. Көпбалалы аналарға арналған жәрдемақыны 81,3% біледі. Атаулы әлеуметтік көмекті – 76,1%, жүктілік және босану демалысын – 73,5%, бала туғандағы біржолғы төлемді – 71,4% халық біледі.
Еңбек және халықты әлеуметтік қорғау министрлігінің мәліметінше, өткен жылы бала туған кездегі біржолғы жәрдемақыны 338 мың адам алған. Бұл мақсатқа 61,1 млрд теңге жұмсалған.
Сонымен қатар жұмыс істейтін әйелдерге Мемлекеттік әлеуметтік сақтандыру қорынан бала 1,5 жасқа толғанға дейін ай сайынғы әлеуметтік төлем беріледі. Ал жұмыс істемейтін әйелдерге бала күтімі бойынша мемлекеттік жәрдемақы қарастырылған.
Еңбек заңнамасы аясында аналарға қысқартылған жұмыс күні, ақылы үзіліс және толық емес жұмыс уақыты тәртібі сияқты жеңілдіктер ұсынылады.
Соңғы жылдары бала күтімі бойынша төлем мерзімі 12 айдан 18 айға дейін ұзартылып, көпбалалы және ерекше бала тәрбиелеп отырған отбасыларға арналған жаңа қолдау тетіктері енгізілді.
Аналар күні – тек құттықтау айтылатын күн емес. Бұл – ананың қоғамдағы рөлін бағалап, оның өмір сапасын жақсарту жолдарын ойластыратын маңызды дата. Өйткені мықты ана – мықты отбасы. Ал мықты отбасы қуатты мемлекеттің негізі болып қала бермек.
Оқи отырыңыз: Алматыда 11-17 мамыр аралығында ауа райы қандай болады