Бүгін Қазақстан статистикасына 105 жыл толып отыр

08.11.2025 12:38

Осы жылдар ішінде статистика үлкен жолдан өтті

stat.gov.kz

Бүгін Қазақстан статистикасына 105 жыл толып отыр, деп хабарлайды Аlmaty.tv.

Дәл осы күні, 1920 жылы, ҚазАКСР Статистика басқармасы құрылды.

Осы жылдар ішінде статистика үлкен жолдан өтті. Алғашқы кезеңде мәліметтер қағаз арқылы қолмен жиналса, бүгінде ол цифрлық жүйеге толыққанды көшті. Ұлттық статистика бюросы үнемі даму үстінде, деректердің дәл, сенімді және баршаға түсінікті болуына бағытталған жаңашылдықтарды енгізіп келеді.

"Қазіргі таңда Қазақстан статистикасы толық цифрлық трансформация бағытымен ілгерілеп келеді. Автоматтандыру, жасанды интеллект және заманауи цифрлық шешімдер деректерді жинау мен өңдеу үдерісін жеделдетуде. Ақпарат мемлекетке, бизнеске, сарапшыларға және азаматтарға бұрынғыдан да жылдам әрі қолжетімді бола түсті" - делінген Ұлттық статистика бюросының хабарламасында.

Сондай-ақ аталған датаға орай Ұлттық статистика қызметінің қалыптасуы мен дамуы тарихына арналған «Қазақстан мемлекеттік статистикасына – 105 жыл» атты мерейтойлы басылым жарық көрді.

Онда отандық статистиканың дамуындағы негізгі кезеңдер – кеңестік дәуірдегі алғашқы қадамдардан бастап, цифрлық өзгерістердің қазіргі кезеңіне дейінгі жол кеңінен қамтылған.

Кітапта тәуелсіз Қазақстан статистикасының қалыптасу үдерістері, халықаралық стандарттарды енгізу, заңнаманы жетілдіру, статистикалық процестерді автоматтандыру және саланы одан әрі дамыту бағыттары егжей-тегжейлі баяндалған. Басылымда цифрлық трансформация және саланы жаңғырту мәселелеріне ерекше назар аударылған.

Сондай-ақ кітапта қазіргі Қазақстан статистикасының іргетасын қалаған тұлғалардың естеліктері, бірегей мұрағат құжаттары мен талдамалық материалдар жинақталған.

«Бұл – жай ғана оқиғалар шежіресі емес, бұл – архивтік құжаттар, талдамалық деректер мен сала ардагерлерінің естеліктері өзара тоғысқан тірі жылнама. Мұнда тәуелсіз Қазақстан статистикасын қалыптастырған адамдардың өмір жолы мен еңбегі көрініс тапқан. Бұл мерейтойлық кітап – ұлттық статистикалық жүйенің дамуына үлес қосқан барлық ардагерлер мен әріптестердің еңбегіне деген құрмет, тарихи жадымыздың қайнары және болашақ статистиктер үшін бағыт-бағдар», – деп атап өтті ҚР СЖРА Ұлттық Статистика бюросының басшысы Мақсат Тұрлыбаев.

Сонымен қатар Астанада «Ұлттық статистикалық жүйелердің цифрлық трансформациясы» атты екі күндік халықаралық форум өз жұмысын аяқтады. Шараға түрлі елдердің ұлттық статистика қызметтерінің басшылары мен сарапшылары, сондай-ақ халықаралық ұйымдардың өкілдері қатысты. 

Қатысушылар цифрландырудың дерек өндіру үдерісіне әсерін және ресми статистикаға деген сенімді арттыруға мүмкіндік беретін тиімді шешімдерді талқылады.  Форум барысында деректердің цифрлық экожүйесін дамыту, инновацияларды енгізу және статистиканың тиімділігін арттыру мәселелері көтерілді. Деректердің сапасы мен сенімділігі, процестерді стандарттау және статистиканың пайдаланушылар үшін құндылығын арттыруға ерекше көңіл бөлінді. Спикерлер ресми деректерге қоғамның сенімін нығайту ашықтыққа, айқындыққа және тиімді коммуникацияға тікелей байланысты екенін атап өтті. 

Форумда баламалы дереккөздерді қолдану және Big Data-ны интеграциялау мәселелері де талқыланды. Қатысушылар мұндай деректерді тиімді пайдалану статистикалық көрсеткіштердің дәлдігі мен жеделдігін арттыруға мүмкіндік беретінін, алайда деректердің қауіпсіздігі мен жауапкершілік қағидаттарының сақталуы басты талап екенін атап өтті. Сонымен қатар мемлекеттік басқаруда жасанды интеллект пен машиналық оқытуды қолданудың нақты мысалдары ұсынылды. Оның ішінде әкімшілік деректерді талдау және инфляцияны есептеуде Big Data-ны қолдану тәжірибесі таныстырылды. 

Оқи отырыңыз: Орталық Азия елдері мен АҚШ мәдени мұра саласындағы ынтымақтастықты кеңейтеді