Бүгін - мұсылман қауымы асыға күтетін қасиетті Қадір түні. Биыл Рамазан айының шырайын кіргізіп, мың айдан да қайырлы саналатын бұл қасиетті мезет 16-сынан 17-сіне қараған түнге сәйкес келіп отыр, деп хабарлайды Almaty.tv.
Дәл осы берекелі сәтте адамзатқа тура жол нұсқаған қасиетті Құран Кәрім түсе бастағаны белгілі. Имамдардың айтуынша, бұл түнде Жаратқаннан кешірім сұрап, көп дұға жасап, сауапты істерге көбірек көңіл бөлген абзал. Сондай-ақ қадір мезетін тек мешітте ғана емес, үйде де құлшылық жасап, Құран оқып, ата-анаға құрмет көрсетіп, мұқтаж жандарға қол ұшын созу арқылы өткізуге болады.
«Бұл түн құран түскен себебінен қадірлі, қасиетті болған. Бұл түнде адамның құлшылығы мың айдан да қайырлы. Қадір түні міндетті түрде көзді ілмеу керек деген шарт емес. Жастарға айтатынымыз, Қадір түнін күтіңіз, бірақ ертеңгі жұмысты ойлаңыз, демалуға болады. Бүгінгі түнмен жұмыс бітіп қалмайды», деді Бәйкен мешітінің наиб имамы Сейдахмет Темірбек.
Оқи отырыңыз: Қадір түнін қалай өткізген дұрыс