Бүгін – Орман шаруашылығы қызметкерлері күні

18.10.2026 10:16

Кәсіби мереке қазан айының үшінші жексенбісінде атап өтіледі

Аlmaty.tv

Бүгін, 18 қазанда, Қазақстанда Орман шаруашылығы қызметкері күні аталып өтеді. Қазан айының үшінші жексенбісінде атап өтілетін кәсіби мереке 2017 жылы белгіленген, деп хабарлайды Almaty.tv.

Осыған орай Экология және табиғи ресурстар министрлігі орман шаруашылығы саласының қызметкерлері мен ардагерлерін кәсіби мерекесімен құттықтады.

Министрліктің құттықтауында орманның халықтың баға жетпес байлығы, еліміздің табиғи қазынасы әрі келер ұрпаққа қалдырар асыл мұрасы екені атап өтілген. Оны сақтау, молайту және тиімді пайдалану – мемлекеттің экологиялық қауіпсіздігін қамтамасыз етудің маңызды бағыттарының бірі.

«Сіздердің күнделікті, жанқиярлық еңбектеріңіз орман алқаптарын қорғауға, қалпына келтіруге, жасыл желекті көбейтуге және елдің экологиялық тұрақтылығын нығайтуға зор үлес қосып келеді», – делінген министрліктің құттықтауында.

Орман шаруашылығы мамандары орман қорын сақтаумен қатар, өрттің алдын алу, заңсыз ағаш кесуге жол бермеу, жануарлар мен өсімдіктер дүниесін қорғау бағытында еңбек етеді. Олардың жұмысы табиғи байлықты сақтап, оны келер ұрпаққа аман жеткізуге мүмкіндік береді.

Министрлік салада аянбай еңбек етіп жүрген мамандар мен ардагерлерге алғыс білдіріп, мықты денсаулық, отбасыларына амандық, еңбектеріне табыс пен жаңа жетістіктер тіледі.

Айта кетейік, еліміздегі 160 табиғат қорғау мекемесі мен кәсіпорнында 17,4 мыңға жуық орман шаруашылығы қызметкері еңбек етеді.

Оқи отырыңыз: Кей өңірде қар жаууы мүмкін: 18 қазанға арналған ауа райы болжамы

Толық көрсету