Бүйрек ауыстыру керек: Зайсан ауданының тұрғыны Ринат Жақыпов көпшіліктен көмек сұрайды

06.05.2026 21:28

Қамал алатын 40-тан асқан азаматтың толық емделіп, отбасына аман-есен оралуы үшін 42 миллион теңге қаражат қажет

«Балаларымның әкесіз өскенін қаламаймын». Шығыс Қазақстан облысы Зайсан ауданының тұрғыны Ринат Жақыпов көпшіліктен көмек сұрайды. Екі бүйрегі де істен шыққан азаматтың Беларусь елінде ота жасатып, қалыпты өміріне қайта оралуына мүмкіндік бар, деп хабарлайды  Almaty.tv. тілшісі.

Қырықтың қырқасына шыққан Ринат Жақыпов көп жылдан бері бас ауруымен арпалысып келеді. Осыдан шамамен 20 жыл бұрын дәрігердің көмегіне жүгінгенде, ақхалаттылар оған бүйректен берілетін қан қысымы бар екенін айтқан екен. Алайда күнкөрістің қамы, бала-шағаның жайы деп жүріп, денсаулығына селқос қараған.

«Төрт балам бар, бәрі кішкентай. Екі егіз ұлым бар, екі қызым бар. Екі егіз ұлым 1,5 жаста, солардың қамын ойлап, жұмыс істеп жүрдім, дәрі ішіп жүре бердім. Сөйтіп екі бүйрек ауырып, аппарат диализіне тәуелді боп қалдым», – деді ШҚО-ның тұрғыны Нұрлан Жақыпов.

 Бұл ауру жүрекке де жүктеме түсірген. Жоғары қан қысымының салдарынан тамырлары бекітіліп, Алматыдағы кардиология және ішкі аурулар ғылыми зерттеу институтында шағын ота жасалыпты. Ол сәтті өтіп, бірнеше күн дәрігерлердің бақылауында болған.

«Ол кісіде жүректе 3 тамыр болса, соның біреуі 100 пайызға жабық болды. Бұл бізде созылмалы окклюзия деп аталады. Операцияға дейін жүрген кезде ентігу, дем жетіспеу мәселесі болды. Ота жасап, тамырын ашып, стенд қойдық», – деді Кардиология және ішкі аурулар ҒЗИ кардиологы Маржан Ілиясқызы.

«Пациент өзін жеңіл сезініп жүр. Демалуы жақсарып, жүрген кездегі ауырсыну сезімі басылып келе жатыр. Пациенттің қазіргі жағдайы қалыпты, бір жыл көлемінде бақылаймыз», – деді Кардиология және ішкі аурулар ҒЗИ кардиологы Айбек Мамадалиев.

Отадан кейін медициналық мекеме Ринатқа гемодиализ емін жасауға мүмкіндік берген. Яғни, бұл – жіті және созылмалы бүйрек жеткіліксіздігі кезінде қанды бүйректен тыс тазарту әдісі.

«Бүйрек алмастырушы терапия – бүйрегі мүлдем істен шыққан кезде қолданылатын аппарат. Жасанды бүйрек деп те аталады. Демек, бүйректің қызметін аппарат атқарады», – деді Кардиология және ішкі аурулар ҒЗИ нефролог дәрігері Сәрсенбай Берікұлы

.Алайда Ринат Жақыповтың толық айығуы үшін бүйрегін ауыстыру керек. Бұл процедураны Беларусь елі жасауға дайын. Бірақ азаматқа ол үшін қомақты қаражат қажет.

«Ауыр көтере алмайсың. Балаларымды көтергім келеді. Әкелік борышымды өтей алмағандықтан, жүрегім сыздайды», – деді ШҚО-ның тұрғыны Нұрлан Жақыпов.

Қамал алатын 40-тан асқан азаматтың толық емделіп, отбасына аман-есен оралуы үшін 42 миллион теңге қаражат қажет. Ал дерт күн өткен сайын үдеп барады. Қазір көпбалалы әке пейілі кең, жүрегі жомарт жандардың көмегіне мұқтаж.

Гүлмарал Изатқызы, Думан Дәулетбақұлы

Оқи отырыңыз: Алматыда болашақ офицерлер шеруі өтті