Көпшілік қабырға мен еденге сызат түсіп, жарықтар пайда болғанын айтып шағымданды
Ақтөбеде жарылыстан зардап шеккен үйдің тұрғындары баспанадағы қауіпсіздікке алаңдаулы. Олардың айтуынша, көпқабатты нысан құлауға шақ тұр, деп хабарлайды Almaty.tv.
Көпшілік қабырға мен еденге сызат түсіп, жарықтар пайда болғанын айтып шағымданды. Өкініштісі де сол, апаттан кейін жергілікті билік тарапынан үйдің жағдайына қатысты, зардап шеккендерге көмек беру мәселесі көтерілмеген. Қазір жекеменшік компания баспаналарға техникалық сараптама жүргізіп жатқан көрінеді. Ал жергілікті билік өкілдері тексерістің қорытындысы бір апта ішінде дайын болады дегенді алға тартты.
Еске сала кетейік, бір апта бұрын Ақтөбедегі тұрғын үйдің 4-қабатында газ баллоны жарылып, салдарынан 36 жастағы ер адам қаза тапқан.
«Бізге нақты жауап керек. Ертең не болатыны белгісіз. Мен пәтерден шығып кеттім делік. Үйде тыл еңбеккері әжем және ерекше күтімді қажет ететін балам қалады. Өміріміз үшін алаңдап отырамыз. Өте қорқынышты», – деді қала тұрғыны Анастасия Карюк.
Оқи отырыңыз: Елімізде екінші нарықтағы тұрғын үй бағасы арзандады