Буллинг үшін салынатын айыппұлдың құны белгілі болды

Оқушылар өз құқығының бұзылғаны жөнінде мектептерге ілінген QR-код арқылы хабар бере алады

Жаңалықтармен бөлісіңіз

Мектептер мен колледждерге енгізілген буллинг үшін салынатын айыппұлдың құны белгілі болды, деп хабарлайды Almaty.tv.

Оқу-ағарту министрлігінің хабарлауынша, мұндай әрекет үшін 10 айлық есептік көрсеткіш, яғни 39 мың теңге көлемінде айыппұл төлейді. Егер жағдай қайталанса, сома 117 мың теңгеге дейін өседі. Бұзақылық жасаған бала 12 мен 16 жас аралығында болса, оның ата-анасы немесе заңды қамқоршысы жауапқа тартылады. Кәмелетке толмағандарға қысым көрсетілгенін біле тұра, дер кезінде хабарламағандар да жазасыз қалмайды.

 «Бүгінгі таңда Мемлекет басшысының тапсырмасына сәйкес елімізде балалардың қауіпсіздігін қорғау олардың құқығын нығайту жөнінде кешенді заңнамалық стратегиялық іс-шаралар жүзеге асуда. Мәселен 2024 жылдың 15 маусымынан бастап елімізде әйелдердің құқығы мен балалардың қауіпсіздігін қамтамасыз ету бойынша заң өз күшіне енген болатын. Осы заң аясында елімізде алғаш рет буллинг үшін жауапкершілік енгізілді. Бұл жауапкершілік ҚР Әкімшілік құқық бұзушылық кодексінің 127-де 2-бабына сәйкес тіркелді», – деді ҚР Оқу-ағарту министрлігі Балалардың құқықтарын қорғау комитетінің баспасөз хатшысы Мадина Бисембаева

Құқықтық статистика комитетінің мәліметінше, биыл буллингке қатысты 237 іс тіркеліп, сотқа жеткен. 44 адам жауапкершілікке тартылды. Бұған қоса, білім беру ұйымдарында «ДосболLIKE» атты арнайы антибуллингтік бағдарлама жүзеге асырылып жатыр. Сынып сағаттарында 10 минут осы тақырыпқа арналып, балаларға интернеттегі қауіпсіздік ережелері, алаяқтардан қорғану жолдары және төтенше жағдай кезіндегі әрекеттер үйретіледі. Сондай-ақ оқушылар өз құқығының бұзылғаны жөнінде мектептерге ілінген QR-код арқылы «111» жедел байланыс орталығына тікелей хабар бере алады.

 «Қаңтардан бастап байланыс орталығына QR кодтар арқылы өтініш беру жүйесі енгізілді. Мәселен оған дейін тек балалар қоңырау шалу арқылы ғана хабарласа алса, енді QR кодтар арқылы жүгіне алады. QR кодтар мектептің және де колледждердің түкпір-түкпірінде, әжетқханада, кіреберістерінде орналасқан.  Бүгінгі таңда қаңтар айынан бастап QR кодтарға 92 мыңнан астам өтініш келіп түсті», – деді ҚР Оқу-ағарту министрлігі Балалардың құқықтарын қорғау комитетінің баспасөз хатшысы Мадина Бисембаева.

Оқи отырыңыз: Елімізде жасанды интеллект мамандары тапшы

Новости партнеров