БҰҰ абырой-беделі тоқырауға ұшырап, халықаралық құқықтың құндылығы төмендеп кетті – Президент

28.10.2026 11:31

Мемлекет басшысы қазіргі халықаралық ахуалға да тоқталды

Ақорда

Мемлекет басшысы Қасым-Жомарт Тоқаев Қазақстан халқына Жолдауында елдің әлеуметтік-экономикалық жағдайын жақсарту жөніндегі жоспарлар мен алдағы міндеттерге тоқталды, деп хабарлайды Almaty.tv тілшісі Ақордаға сілтеме жасап.

Президенттің айтуынша, тәуелсіздік пен егемендікті қорғауға қатысты бірқатар мәселе әлі де толық шешімін таппаған. Сондықтан ел алдында өзекті міндеттер тұр.

«Жұмысты ойдағыдай орындау үшін, ең алдымен, бүкіл қоғамымыз тату болуы керек. Бірлік пен келісім болмаса, ешқандай реформа және ілгерілеу болмайтыны айдан анық», – деді Қасым-Жомарт Тоқаев.

Мемлекет басшысы жаһандық сын-қатерлер күшейген кезеңде қоғамда талап пен тәртіпке басымдық беру қажеттігін атап өтті.

Президент қазіргі халықаралық ахуалға да тоқталды. Оның сөзінше, әлем елдері арасындағы жалған айыптаулар мен астыртын текетірестер күшейіп, ықпалды мемлекеттер арасында өзара сенім дағдарысы қалыптасқан.

Сонымен қатар бақылаусыз көші-қон ағындарының көбейгенін атап өтіп, бұл құбылыстың Еуропаның бірнеше елінің қауіпсіздігіне кері әсер еткенін айтты.

Қасым-Жомарт Тоқаев Біріккен Ұлттар Ұйымының беделі төмендеп, халықаралық құқықтың құндылығы әлсірегеніне назар аударды.

«Қысқасы, қазіргі әлем бұлыңғыр дәуірге аяқ басты, оның келешегі қандай болатыны туралы саясаткерлер мен сарапшылар арасында біртұтас пікір жоқ», – деді Президент.

Мемлекет басшысы қазіргі кезеңді жаһандық тұрақсыздық пен болжап білу қиын үдерістер күшейген уақыт ретінде сипаттады. Оның айтуынша, мұндай күрделі ахуал тіпті «қырғи-қабақ соғыс» кезеңінде де болмаған.

Толық көрсету