Былтыр елімізде 3 млрд теңгеден аса жалақы уақытында берілмеген

Қабылданған шаралардың арқасында 2,85 млрд теңге көлеміндегі жалақы қарызы өтеліп, шамамен 11,8 мың қызметкердің құқығы қорғалған

Жаңалықтармен бөлісіңіз

Алматы – қызметкерлердің еңбек құқығы ең жиі бұзылатын әрі жұмыс берушілер қарызы көп жиналатын қалалардың ішінде алдыңғы қатарда тұр. Жалпы былтыр елімізде 3 млрд теңгеден аса жалақы уақытында берілмеген. Бұл заңбұзушылықтарға Мемлекеттік еңбек инспекциясы дер кезінде араласып, нәтижесінде 12 мыңнан аса қызметкердің 2,85 млрд теңге көлеміндегі еңбекақы қарызы өндірілді, деп хабарлайды Almaty.tv тілшісі.

Өткен жылы Қазақстанда жұмыс берушілердің қызметкерлерге жалақы бойынша қарызы 3,1 млрд теңгеден асқан. Бұл туралы Еңбек және халықты әлеуметтік қорғау министрлігі мәлімдеді. Мемлекеттік еңбек инспекторлары 629 кәсіпорында тексеру жүргізіп, 12 мыңға жуық қызметкердің еңбекақысының уақытында төленбегенін анықтапты. Бұдан бөлек, арнайы тексерістер барысында еңбек қатынастарына байланысты тағы 9 мыңға жуық өзге де құқықбұзушылық тіркелген. Қабылданған шаралардың арқасында 2,85 млрд теңге көлеміндегі жалақы қарызы өтеліп, шамамен 11,8 мың қызметкердің құқығы қорғалған.

«Жалақы бойынша берешегі және еңбек құқығының бұзылуы анықталған кәсіпорындардың басшыларына орындауға міндетті 4245 ұйғарым берілді және 524,3 млн теңгеден астам сомаға айыппұл салынды. 2025 жылы мемлекеттік еңбек инспекторлары 6599 тексеру жүргізді. Оның барысында 8720 бұзушылық анықталды. Оның ішінде еңбек саласында 7089 еңбек қауіпсіздігі және еңбекті қорғау бойынша 1585, халықты жұмыспен қамту бойынша 46 бұзушылық анықталды. Қабылданған шаралардың нәтижесінде 51 мың жұмыскердің еңбек құқығы қорғалды», – деді мемлекеттік еңбек инспекциясының бас сарапшысы Азат Мұқанов.

 Заңгерлердің айтуынша, жалақысы уақытында төленбей, еңбек құқықтары бұзылған жағдайда жұмыскерлер ең алдымен еңбек инспекциясына шағымдануы қажет. Алайда олар жалақыны тікелей өндіріп бермейді, тек жұмыс берушілерге қатысты тексеру жүргізіп, айыппұл салумен және міндетті нұсқама берумен шектеледі. Мамандардың сөзінше, еңбек инспекциясы салған айыппұлдар кейін, іс сотқа жеткен жағдайда маңызды дәлел ретінде пайдаланылады. Дегенмен шешім шыққанына қарамастан кейбір жұмыс берушілер сот үкімін орындамай жүретін жағдайлар да жиі кездеседі. Осыған байланысты мамандар мұндай заңбұзушылықтардың алдын алу үшін сот орындаушыларының өкілеттігін кеңейтіп,  шешімді орындамаған жұмыс берушілерге қатысты жауапкершілікті күшейту қажет деп санайды.

«Сот шешімін орындамағаны үшін жазаны қатаңдату қажет деп ойлаймын. Кейбір азаматтар арнайы алаяқтық істейді немесе арнайы азаматтарды жұмысқа тартып жалақысын бермей қояды. Өйткені бұл жерде азаматтық құқықтық қарым қатынас қылмыстық қудалау жоқ. Тәжірибеме сүйенсем 10 шешім шықса, сол 10 шешімнің үшеуі-ақ орындалып жатады. Бұл нені айтады? Бұл – алаңдататын мәселелердің бірі», – деді заңгер Жандос Тұяқов.

Мамандардың айтуынша, еңбек құқығының бұзылуы көбіне құрылыс пен мұнай-газ саласында, сондай-ақ жекеменшік компанияларда жиі тіркеледі екен. Ал қызметтік өтемақы мен жалақыны уақытында төлемей, жұмыскерлерге қарыз болып отырған өңірлердің алдыңғы қатарында Алматы, Қарағанды және Маңғыстау өңірі тұр.

Мәди Бижан, Нұрлан Өтеген, Әлихан Өтеген, Астана

Новости партнеров