Былтыр сыбайлас жемқорлыққа қатысты 1 мыңнан астам қылмыстық іс қозғалған

08.01.2026 10:46

Ел бюджетіне 16,1 млрд теңге қайтарылды

Аlmaty.tv

Ұлттық қауіпсіздік комитеті 2025 жылғы сыбайлас жемқорлыққа қарсы іс-қимыл нәтижелерін жариялады, деп хабарлайды Аlmaty.tv.

Ведомство сыбайлас жемқорлыққа қарсы жүйелі жұмыс жүргізіліп жатқанын, 2025 жылы 895 адамның заңсыз әрекетінің жолы кесілгенін мәлімдеді.

1 052 қылмыстық іс қозғалып, 969-ына қатысты тергеу аяқталды, оның 860-ы сотқа жолданды.

«Сыбайлас жемқорлық фактілерінің басым бөлігі пара алу және бюджет қаражатын ұрлау сияқты қылмыстарға қатысты. Ел бюджетіне 16,1 млрд теңге қайтарылды. Құны 3,3 млрд теңге болатын мүлікке тыйым салынды», - делінген ҰҚК Хабарламасында.

Сыбайлас жемқорлық фактілері туралы хабарлағаны үшін 61 адамға 24,2 млн теңге сомасында сыйақы берілді.

Бұл бағыттағы жұмыстар жалғасып жатыр.

Оқи отырыңыз: Қазақстанда медицина қызметкерлерінің еңбекақысы көтеріледі