Сарапшылардығ айтуынша, онлайн жазылымдар нарығы адамды ыңғайлы интерфейс пен сапалы контент арқылы баурап алады
Музыка, фильм, жасанды интеллект, деректерді сақтау жүйелері. Бүгінде цифрлық қызметтердің дені жазылым арқылы ұсынылады. Елде мұндай сервистердің нақты қаншасы қолданылатыны жайлы әзірге нақты статистика жоқ. Дегенмен сарапшылар кейінгі жылдары электронды қызметтер нарығы 28 пайыз өскенін айтады. Сұраныс артқан сайын, автоматты төлем де көбейіп келеді, деп хабарлайды Almaty.tv тілішісі.
Бір фильм құны 2700 теңге. Музыка 1999 теңге. Ал жасанды интеллект құралдарына ай сайын шамамен 10 мың теңге. Бұған такси, жеткізу қызметі, сақтау жүйесі мен түрлі қосымшаларды қоссақ, цифрлық сервистерге кететін қаржы аз емес. Әр төлемнің сомасы шағын болғанымен, ай соңында бірнеше мың теңгеге, жыл соңында жүз мыңдаған теңгеге жетуі мүмкін. Цифрлық жазылымдарға қанша ақша жұмсалатынын тұрғындардың өздерінен де сұрап көрдік.
БЛИЦ:
«Айына 20-22 мыңдай кетеді. Фильм көретін сайттарға жазылым, музыка платформалары, музыка жазуға арналған сайттар мен плагиндер. Жасанды интеллект құралдары да бар».
«Музыкаға және ағылшын тілін үйренуге жазылымым бар. Фильм, такси қызметтері де кіреді. Барлығын қосқанда айына 5-6 мың теңге шамасында шығады».
Тұтынушы қызметтің өзін емес, оған қолжетімділікті сатып алады. Сарапшылардығ айтуынша, онлайн жазылымдар нарығы адамды ыңғайлы интерфейс пен сапалы контент арқылы баурап алады. Сондай-ақ елде электронды сауда жасау сегменті де жыл санап кеңейіп келеді. Ұлттық статистика бюросының дерегінше, 2025-те электронды коммерция арқылы көрсетілген қызметтердің көлемі 2 триллион 480 миллиард теңгеге жуықтаған. Алайда бұл соманың ішінен нақты қаншасы цифрлық жазылымдарға жұмсалғаны белгісіз.
«Онлайн қызметтің, қосымшаның негізгі мақсаты – алдымен адамның әдетіне айналу. Мысалы, жаңа қосымша шыққанда компаниялар алғашқы кезеңде өте төмен баға ұсынады немесе тегін пайдалану мүмкіндігін береді. Адам сол сервисті күнделікті қолдануға үйренгеннен кейін, баға көтерілсе де, одан бас тартуы қиындайды. Сондықтан жазылым моделі компания үшін тұрақты табыс көзіне айналады», – деді IT саласының сарапшысы Абылай Исин.
Кей тұтынушылар қолданбайтын қызмет үшін төлем алынатынын айтып, шағым білдіреді. Мәселен, бір айға ғана қажет болған қосымша кейін ұмыт қалып, банк картасы тіркеліп тұрса, қаражат автоматты түрде есептен шығарыла береді.
«Ең алдымен сайттың мекенжай жолағын мұқият тексеру керек. Жалған сайттың домені ресмиден өзгеше болады. Айырмашылық бір әріптен немесе цифрдан ғана тұруы мүмкін. Мәселен, «О» әрпінің орнына нөл қойылуы ықтимал. Логотиптер мен қаріптердің де сапасына мән берген жөн», – деді киберқауіпсіздік саласының сарапшысы Евгений Питолин.
Мамандар қажетсіз шығынға жол бермеу үшін банк шотындағы операцияларды және телефондағы белсенді жазылымдарды тұрақты тексеруге кеңес береді. Ал жаңа қызметке жазылғанда, оның ресми сайт не қосымшасы екеніне көз жеткізу қажет.
Әйкерім Пернебек, Әсия Серікова, Әділхан Мүтәліпов
Оқи отырыңыз: Кітап оқитын ұлт: Димаш Құдайберген бастамаға үн қосты