Өнімдер еліміздің өзге өңірлерінен логистикалық компаниялар арқылы тасымалданып отырыпты
Есірткі қосылған көкнәрды азық-түлік ретінде сатып келген Павлодар тұрғыны сотталды. Тергеу деректеріне сәйкес, істің басында тұрған азамат жақындарын да бұл шаруаға тартып, әрқайсысына жеткізу, сақтау, қаптау және саудалау міндеттерін бөліп берген, деп хабарлайды Аlmaty.tv тілшісі.
Өнімдер еліміздің өзге өңірлерінен логистикалық компаниялар арқылы тасымалданып отырыпты. Ал сатып алушыларға олар кәдімгі көкнәр тұқымы мен дәмдеуіш ретінде ұсынылған. Тексеру кезінде тәртіп сақшылары олардың құрамынан есірткі заттарын анықтап, тәркілеген. Заңсыз табыс қолма-қол да, банк арқылы да қабылданып отырыпты. Сот шешімімен топты ұйымдастырған азамат және оның екі сыбайласы кінәлі деп танылып, 7 жылға бас бостандығынан айырылды.
«Қылмыстық жолмен алынған табысқа ұйымдастырушы 2 автокөлік сатып алып, оларды жасыру мақсатында үшінші тұлғалардың атына рәсімдегені анықталды. Сот үкімімен Алекперов пен оның 2 сыбайласына 7 жылдан бас бостандығынан айыру жазасы тағайындалды. Автокөліктер мемлекет кірісіне тәркіленді. Сондай-ақ құрамында есірткі заттары бар 321 келі көкнәр тұқымы жойылды», – деді ҚР Қаржылық мониторинг агенттігінің ресми өкілі Ернар Тайжан.
Оқи отырыңыз: Түркістан облысының ауыр көлік жүргізушілері неге шу шығарды