Бұл маңызды заң жобасы дәрігерлер мен медицина қызметкерлерін қорғау үшін әзірленді
Парламент Мәжілісінің қарауына «ҚР Қылмыстық кодексіне және ҚР Қылмыстық-процестік кодексіне толықтырулар енгізу туралы» заң жобасы келіп түсті, деп хабарлайды Almaty.tv тілшісі ҚазАқпаратқа сілтеме жасап.
"Бұл маңызды заң жобасы дәрігерлер мен медицина қызметкерлерін қорғау үшін әзірленді. Онда медицина өкілдеріне қатысты зорлық-зомбылық үшін жазаны айтарлықтай қатаңдату жөніндегі нақты нормаларды ұсындық. Соңғы жылдары мұндай жағдайлар көбейіп барады. Бір дәрігер жұмыс орнында соққыға жығылса, тағы бірі жедел жәрдем шақырған үйден қорлық көрді. Осындай көріністерге жол беруге болмайды", — деді депутат Асхат Аймағамбетов Мәжілістің жалпы отырысында.
Осы орайда ол Мемлекет басшысы бұл мәселені бірнеше рет көтеріп, тисті тапсырма бергенін еске салды.
"Осы жазда да Президент депутаттардың бастамасын қолдап, Үкіметке нақты тапсырма берген еді. Сондықтан Мәжілістің Әлеуметтік-мәдени даму комитеті осы заң жобасы бойынша қорытынды әзірлеуге дайын", — деді депутат.
Оқи отырыңыз: Алматыда 1 мың шақырымнан астам таулы бағыттар цифрландырылып, 750 шақырымға жуығы абаттандырылды