Дәрігерлер салғырттығынан сәбиімнен айырылдым: қара жамылған ана әділдік іздейді

26.09.2024 20:56

Салтанат Байсалбаеваның қара жамылғанына алты айдан асты

«Дәрігерлердің салғырттығынан баламнан айырылдым». Осылай деп зар жылаған ана кінәлілер заң аясында жазаланбай қала ма деп қорқады, деп хабарлайды Almaty.tv тілшісі.

Салтанат Байсалбаеваның қара жамылғанына алты айдан асқан. Екі ұлдан кейін өмірге келген Дария есімді қыз небәрі 1 жас 7 айында ақ халаттылардың салғырттығынан көз жұмған. Дер кезінде көрсетілмеген көмектің салдарынан қызынан айырылған ана полиция бөліміне шағым қалдырған. Алайда қылмыстық іс тіркелгенімен, іс созбалаңға салынған. Ананың айтуынша, іспен айналысып жатқан тергеушімде еш ескертусіз ауысып кеткен.

"Жаңа тергеушімен кеше таныстық. Істі Ұлытау облыстық Полиция департаментке берілгенін қалаймын. Нақты қадағалау болады деп ойлаймын. Заң барлығына бірдей, кінәлілер жазасын алуын талап етемін", – деді Сәтбаев қаласының тұрғыны Салтанат Байсалбаева.

Ананың шағымын алға тартып, құзырлы органнан істің мән-жайын білдік. Сәтбаев қалалық полиция бөліміндегі аға тергеушінің айтуынша, аталған іс медицина немесе фармацевтика қызметкерінің кәсіптік міндеттерін тиісінше орындамауы бойынша қозғалған.

"Аталған қылмыстық іс бойынша жан-жақты және объективті тексеру әрекеттері жүргізілуде. Сондай-ақ тиісті сараптамалар тағайындалған. Сараптама нәтижесіне сай процессуалдық шешім қабылданады. ҚР ӨПК-нің 201-бабы бойынша сотқа дейінгі тергеп-тексеру деректері жарияланбайды", – деді Сәтбаев қаласы ПБ тергеу бөлімшесінің аға тергеушісі Әділ Жұман.

Естеріңізде болса, «Алматы» телеарнасы 6 ай бұрын да аталған жағдайды жариялап, тақырыпты қоғам талқысына тастаған. Содан бері әділдік іздеп шарқ ұрған ананың жалғыз тілегі – жағдайдың қайталанбауы үшін жауаптылардың заң аясында жазалау.

Алтынгүл Төлегенова, Наргиз Жанабекова, Ұлытау облысы

Оқи отырыңыз: Қоғамдық орындарда түкірген адамдардың видеосы жарияланды