Дәрілік заттардың айналымын мониторингілеу және талдау үшін әзірленген талдамалық платформа таныстырылды
Қазақстанда 2025 жылғы шілдеде енгізілген дәрілік заттарды цифрлық таңбалау және қадағалау жүйесі бірқатар заңбұзушылықтарды анықтады, деп хабарлайды Almaty.tv.
ҚР Денсаулық сақтау министрлігінің баспасөз қызметінің хабарлауынша, тегін медициналық көмектің кепілдік берілген көлемі (ТМККК) шеңберінде халыққа тегін беруге арналған дәрілік препараттардың коммерциялық секторда сатылуы, таңбалау кодтарын қайта пайдалану, сондай-ақ жарамдылық мерзімі өткен дәрілік заттарды өткізу фактілері тіркелді.
Бұл мәселелер ведомство басшысы Ақмарал Әлназарованың төрағалығымен өткен кеңесте талқыланды. Жиынға вице-министрлер, Медициналық және фармацевтикалық бақылау комитетінің, «Фармация» СҚ басшылығы және тауарларды таңбалау мен қадағалаудың бірыңғай операторы – «Қазақтелеком» АҚ өкілдері қатысты.
Кездесу барысында бірыңғай оператор дәрілік заттардың айналымын мониторингілеу және талдау үшін әзірленген талдамалық платформаны таныстырды. Аталған платформа мемлекеттік органдарға дәрілік заттардың әр қаптамасының қозғалысын өндіріс пен импорттан бастап дистрибьюция және бөлшек саудаға дейін нақты уақыт режимінде бақылауға мүмкіндік береді. Сонымен қатар, жүйе айналымдағы ауытқулар мен ықтимал заңбұзушылықтарды жедел анықтауға жағдай жасайды.
Іс-шара барысында анықталған негізгі сәйкессіздіктерге ерекше назар аударылды. Олардың қатарында:
ТМККК шеңберінде тегін беруге арналған препараттардың коммерциялық секторда сатылуы;
Әртүрлі субъектілердің таңбалау кодтарын қайта пайдалануы;
Жарамдылық мерзімі өткен дәрілік заттарды өткізу фактілері бар.
Бірыңғай оператордың мәліметінше, мемлекеттік бюджет қаражаты есебінен сатып алынған және халыққа тегін таратуға арналған 15 мыңнан астам дәрілік заттың заңсыз сатылу дерегі тіркелген. Сонымен қатар жүйеде 6,5 мыңнан астам таңбалау кодының 385 мыңнан аса рет қайта пайдаланылғаны, сондай-ақ жарамдылық мерзімі өткен 750-ден астам дәрілік препарат қаптамасының сатылғаны анықталған.
Кеңес қорытындысы бойынша Денсаулық сақтау министрі вице-министрлерге және құрылымдық бөлімшелерге, оның ішінде Медициналық және фармацевтикалық бақылау комитетіне дәрілік заттардың айналымын толық тәртіпке келтіру үшін таңбалау және қадағалау жүйесінің талдамалық платформасын күнделікті жұмыста белсенді пайдалануды тапсырды. Сондай-ақ бюджет қаражатының тиімді жұмсалуын қамтамасыз ету мақсатында дәрілік препараттардың мақсатсыз пайдаланылуына қатаң бақылау орнату қажеттігі атап өтілді.
Оқи отырыңыз: Алматы ЖИ-ды таңдады: 2026 жыл Цифрландыру жылы болып жарияланды